Жыл сайын 21 мамырда бауырлас ел – Әзірбайжан Республикасы ел Тәуелсіздігін атап өтеді. Биыл да осы айтулы күнге орай Ақтаудағы Әзірбайжан елінің дипломатиялық өкілдігі сенбі күні облыс орталығындағы «Хан Шахар» салтанат сарайында мерекелік шара ұйымдастырды.
Салтанатты кешке Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев бастаған облыстық және қалалық әкімшіліктің, «Нұр Отан» партиясының өкілдері және «Халық келісімі» Қоғамдық Бірлестігінің басшыларымен қатар аймақтағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың басын бір шаңырақ астына біріктірген этно-мәдени орталықтардың басшылары шақырылған.
Жақында Әзірбайжан Республикасының Қазақстан еліндегі арнайы елшісі қызметіне Астана қаласына ауысқан ӘР-ның Ақтау қаласындағы Бас консулы қызметін 7 жыл бойына абыроймен атқарған Рашад Эйнаддиноглы Маммадов Елордадан арнайы сапармен аталмыш мерекеге келіп қатысты.
Шарада сөз алған елші Рашад Маммадов түбі бір-түркі елдері - Қазақстан мен Әзірбайжан мемлекеттерінің арасындағы мызғымас достықтың, бауырластықтың сан ғасырлық тарихы екі елдің бүгінгі күнгі қарым-қатынасына алтын арқау болып отырғанын атап өтті. Өзінің ұзақ 7 жыл бойына елшілік қызметте болғанда қимас достарына айналған маңғыстаулықтарға шынайы пейілдері мен дархан көңілдеріне ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Астанада жүрсе де Маңғыстау аймағының өзіне әрдайым қолдау көрсетіп, тілеулес болып отыратынына күманданбайтынын айтып, осы өңірде сенімді достарының барына қуанатынын жеткізді.
Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевқа сөз берілген кезде аймақ басшысы Ращад Маммадовтың иығына ата дәстүрімен шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Алик Серікұлы елшіге жаңа қызметінде толағай табыстар тілеп, Қазақстан мен Әзірбайжан елінің туыстық, достық, ынтымақтастық қарым-қатынастары нығайып, өркендей түсуіне қосқан зор үлесі үшін Рашад Маммадовқа алғысын білдірді және қос мемлекеттің экономикаолық, мәдени қарым-қатынастары жыл сайын жаңа сатыға көтеріліп, дами түскенін атап өтті.
Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы дипломатиялық өкілдігінің басшысы болып бүгінде Эльхан Зейналов тағайындалған.
Мерекелік кешті әзірбайжандық өнерпаздардың әсем әндері мен әуезді әуендерінен тұратын концерт жалғастырды. Салтанатты жиынға келген құрметті қонақтар әзірбайжан диаспорасының өкілдерін ел Тәуелсіздігінің төл мерекесімен қызу құттықтап, туысқан елге өркендеп дамуды, бейбіт өмір мен жарқын болашақты тіледі.
Нұрғаным ИМАШЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="3878,3892,3897,3894,3887,3880,3898,3889,3890"]