Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын облыстық сот ұжымында болып өтті. Отан үшін от кешкендердің рухтарына бастарын иіп, ерен ерліктері жайлы естеліктермен бөліскен судьялар жиыннан соң мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Гүл-шоқтарын қоюға облыстық сотта қызмет ететін қызметкерлердің барлығы қатысты. Сот ісінің мамандары «Ұлы Жеңіс мерекесінің мәртебесін асқақтатып, соғыс ардагерлерінің ерліктерін ұлықтау міндетіміз» дейді.
- Соғыста ерлік көрсетіп, өз жерлерін қорғап қалған аталарымыз бен аналарымыз мәңгі біздің жүрегімізде. Өкінішке орай, біздің өңірімізде сот саласы бойынша ардагерлеріміз қалмады. Олардың қатары күннен күнге қатары сиреп барады,– дейді облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Р.Хайруллин.
Бұл күндері мәңгілік алау алаңы адамнан арылмады. Мектеп оқушылары мен мекеме қызметкерлері Ұлы Отан соғысында жанын пида еткен ата-әжелерінің рухтарына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
э
Анар ШАМШАДИНОВА