«Хан шахар» салтанат сарайында Ұлы Жеңістің 71 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік шара өтті.
Отан үшін от пен оққа түсіп, жанын пида еткен соғыс ардагерлері, еңбек дүрсілі бір толастамайтын тылдағы ауыр еңбекке араласқан тыл ардагерлері және Ақтау гарнизонының әскери қызметкерлерін облыс әкімі Алик Айдарбаев мерейлі мерекелермен құттықтап, игі лебізін білдірді: -Баршаңызды Ұлы Жеңіс мерекесімен және Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. 7 мамыр - бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғайтын, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір әскери қызметші үшін ерекше күн. Адамзат тарихындағы ең қатыгез майданда жеңіске жеткен ата-бабамыздың ерлігі тарихта мәңгі қалады. Бүгінде сұрапыл соғыстан аман-есен оралған майдангерлердің қатары сиреген. Қазір олар еліміздегі бейбітшілік пен достықты қолдай отырып, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосуда. Ардақты ардагерлердің өмірлік тәжірибелері, азаматтық ұстанымдары, ақыл-кеңестері бізге қашанда қымбат, қашанда бағалы. Сіздер сияқты батырлардың ұрпағы болғанымызды әрдайым мақтан тұтамыз. Жеңіс үшін аянбай еңбек еткен тыл ардагерлеріне де ерекше тағзым. Бүкіл Қазақстан халқының бейбіт өмірі, тыныштығы мен тәуелсіздігінің тағдыры - қарулы күштеріміздің қолында. Сондықтан да ел тәуелсіздігі мен тұтастығын, тыныштығы мен бейбіт тірлігін қас қақпай күзеткен қарулы күштеріміздің қуаты молайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын,-деді ол. Отан қорғаушылар күніне орай ел мерейін арттырып, әскери борышын өтеуде қайсарлық пен батылдық көрсетіп, мінсіз қызметі үшін бірқатар әскери қызметкерлер марапатталып, құрметке бөленді. Жанкешті күреспен жеңіске жетіп, әлемге бейбітшілік сыйлаған ардақты ардагерлер мен әскери қызметкерлер құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылды. Жергілікті өнерпаздар әсем әндерімен ардагерлердің балғын балалық шақтарын, албырт жастық кездерін еске түсірді. Қабырға қайыстырар қара күндерді ұмыттыратын шаттықтың, бейбітшіліктің, жеңістің әндерін шырқады.
Ханым ҚУАТ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ