Киелі шаңырақ астында береке мен бірлікте, бейбітшілікте тату-тәтті өмір сүріп жатырған 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бірігіп тойлайтын 1 мамыр мерекесіне санаулы күндер қалды. Халықтар арасында ынтымақтастықты нығайтатын мейрамның аясында қалалық басылым М.Өскінбаев атындағы балалар саз мектебінде болып, ондағы өзге ұлт өкілдерінің тілектерін тыңдап қайтты.
Қаладағы этностарды жақындастыру мақсатындағы алғашқы тілдескен мұғаліміміз лезгиндік Белла Джумартова. Ол – баян-аккардеон сыныбының ұстазы болып қызмет етеді. Музыка саласының маманы қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақ тілінде өте сауатты жазады екен. Оның айтуынша, қазақша үйреніп, қазақ тілінде сөйлемеу жаңаөзендіктер арасында мүмкін емес, яғни «қазақ тілі бойыма айналамнан сіңді», - дейді. Оған қоса, музыка мектебінде оқитын оқушылардың дені қазақ балалары болғандықтан, оларға түсінікті болуы үшін қазақ тілін білу аса маңызды.
Белла Джумартованың отбасы 1972 жылы Әжірбайджан елінің Баку қаласынан Жаңаөзенге қоныс аударған. Қаланың енді құрылған жылдары көшіп келген лезгиндік отбасы алдымен бірнеше жанұя тұратын барақта өмір сүріп, кейін теміржол жанындағы екі қабатты тұрғын үйге көшеді. Әкесі жүргізушілік қызмет атқарып, анасы қазіргі №5 мектеп-гимназияда шет тілі пәнінің мұғалімі болады
- Жаңаөзенге көшіп келгенімізде жасым небәрі бесте болған, әрі үйдің үлкені едім. Біз әкем, анам және екі бауырыммен бес адам болдық. Келген соң жанұямызға бір жан қосылды. Бала болып ойнап жүргеннен соң бауырларыммен қиыншылық көрдік, жерді жатсындық деп айта алмаймын. Оның орнына қазақ балалармен асыр салып жүріп, бір ауыз сөз білмейтін біздер қазақша үйрендік. Қазірдің өзінде қазақтармен аралас-құралас достармыз, туыспыз, әріптеспіз. Осының бәрі қазақ халқының қонақжайлығының арқасы деп білемін.
Гурьевтегі (қазіргі Атырау) музыкалық училищені тәмәмдаған Белланың аталмыш мектепте қызмет етіп келе жатырғанына 30 жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде мұғалім талай талантты балаларды тәрбиелеп, олардың биіктен көрінуіне еңбек етуде. Ол дайындаған шәкірттер қалалық, облыстық, республикалық, қала берді әлемдік дәрежедегі халықаралық сайыстардың жүлдегерлері атанған. Ұстаз барлық шәкірттерімен мақтанатынын айта келіп, соның ішінде музыкалық білімін одан әрі жалғастырып, шеберігін шыңдап жүрген түлектері Арай Көптілеуова, Самал Салықбаева, Мұса Мұхаммед, Мадина Екібаева, Заманбек Тілегенов және ағайынды Максим, Вадим Смышляевтердің жетістіктеріне қуанатынын жеткізді.
- Барлық ұлттар кең байтақ Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп келеді. 1-мамыр Халықтар ынтымағы күнінде барша қазақстандықтарға бейбіт өмір, татулық пен тыныштық тілеймін! Бірлігі жарасқан Қазақстан елінде тұратынымды мақтан тұтамын!
Қазіргі таңда Белла өз отбасын құрған, жолдасымен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ұстаз. Өзінің еңбегін, өмірін музыка әлемімен байланыстырып және шәкірт тәрбиелеуді қатар алып жүрген ол алдағы уақытта да талай дарынды тәрбиелеп шығарына сенеді. Оның еңбегі жас буынға да, өнер жолына түсемін деген өнерпаздарға да үлгі болары анық. Өйткені, ұстазының жолымен жүргісі келетін шәкірттер қатары аз емес көрінеді.
М.Өскінбаев атындағы балалар саз мектебінде өзге ұлт өкілі болып табылатын ұстаздар қатары Белламен ғана шектелмейді. Мектепте тағы бір этнос өкілі, яғни орыс ұлтынан шыққан Наталья Оцупко да бар. Ол балаларға фортепианомен қатар, хордан сабақ береді. Ұстаздың айтуынша, пианино аспабын балалармен достастырып жүргеніне 33 жылдың жүзі болыпты.
- Алғаш осы мектеп құрылған жылы мен Гурьевте музыкалық оқу орнын бітіріп келдім. Содан бері, саз мектебімен бірге жасап, бірге өсіп жатқаныма 33 жыл болған екен. Алдымыздан талай дарынды жас өтті. Үйренем деп келушілердің қызығушылықтарын арттырып, нағыз дарындар тәрбиеленді. Шәкірттерім әртүрлі жарыстардан жүлделі оралған да әрдайым қуанып отырамын. Олардың шеберліктерін арттыруда сайыстарға қатыстырып, алдағы уақытта аспапта ойнауды тастап кетпеуін тапсырамын. Жетістіктерімен қуанатын түлектерім бар. Олардың қатары көп болғанмен, Лена Терентиво мен Талшын Орысбаеваның орны ерекше. Жалпы, менің сыныбымнан өткен барша шәкіртіме ризамын.
Наталья Оцупко мұнайлы өлкеге алғаш рет 1969 жылы аяқ басады. Білікті ұстаздың айтуынша, Жаңаөзенге әкесінің жұмысы негізінде табан тіреген. Саратов облысы, Балаково қаласында тұратын отбасы мұнда қала тұрғызу үшін көшіп келеді. Содан құрылысшы әкесі Жаңаөзеннің қала болып қалануына көп еңбек етеді, анасы санитарлық -эпидемиологиялық станцияда қызмет етеді.- Ауыр, әрі қауіпті жұмыс атқаратын әкем мені үнемі қасына алып жүретін еді. Мүмкін кішкентай болып, оны қатты жақсы көретіндіктен болар мен де жанынан бір елі қалмаймын. Әкеммен бірге жүріп қала тұрғыздым десем де болады. Әрине, менікі жай балалық бақылау ғой. Қаладағы балалар ауруханасы, қазіргі №2 қалалық аурухана, №7 орта мектеп, Көктем шағынауданының бірнеше үйлерін, сондай-ақ, Теңге ауылындағы су сақтайтын қоймалар және т.б.нысандар менің әкемнің қатысуымен салынды. Ауызбіршілкте тұрғызылған бұл қалада татулықта өмір кешуіміз орынды. Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болсын! Әрқашан осылай бейбіт өмірде күн кешейік!
Расында да, Наталья тек саз мектебімен ғана емес, қаламен бірге өркендеп, өсіп жатырған ұстаз. Оның еңбегі мен шеберлігі талай жасты жетістіктерге жеткізді. Ұстаздықтың шыңы да осы болар«Береке бастау бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасымен халықтар достығы мерекесі құтты болсын!
Жазира АҚБЕРГЕНОВА