Егер сізге картаңыздан/шотыңыздан ақша қаражаты есептен шығарылды деген хабарлама келсе, ең алдымен оның себебін анықтау қажет. Банктер транзакцияларды тоқтата тұру түрінде шектеулер салуға құқылы, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың тиісті шешімдерінің негізінде банктік шоттағы ақшаға тыйым салуы мүмкін. Тыйым салуды соттар, сот орындаушылары тиісті актілер мен қаулылардың негізінде іске асырулары мүмкін. Оған алименттерден төлеуден бас тарту, салықтар, үшінші тұлғалар алдында борыштар, айыппұлдар және т.б. төлемеу жөніндегі шешімдер жатады.
Сот орындаушысы деген кім, ол қандай негізде жұмыс істейді және қарызыңыз болмаса, ақшаны заңсыз есептен шығаруды қалай болдырмауға болады – бұл жөнінде Fingramota.kz-ке ҚР Жеке сот орындаушыларының Республикалық Палатасы төрағасының орынбасары Ғалымбек Смағұлов айтып берді.
Құқықтық қағидат бойынша сот орындаушысы мемлекеттік және жеке болып екі типке бөлінеді: олардың екеуі де атқарушылық құжаттарды (сот шешімі) орындау жөнінде заңмен жүктелген функцияларды орындайды, алайда олардың арасында айырмашылық бар.
Мемлекеттік сот орындаушысы - сот шешіміне сәйкес атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындауға бағытталған шараларды қабылдау бойынша мемлекеттік қызметте тұрған және өзіне заңмен жүктелген функцияларды орындайтын лауазымды адам.
Жеке сот орындаушысы (ЖСО) - уәкілетті орган берген атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензия негізінде заңды тұлға құрмай-ақ атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы. Жеке сот орындаушысының лицензиясы шектеусіз мерзімге берілетін бас лицензия болып табылады және Қазақстанның бүкіл аумағында қолданылады. Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы елдің барлық аймақтарында бар.
Сұрақ: Сот орындаушысының жұмыс қағидаттары туралы айтып беріңізші
Жауап: Сот орындаушысы сот шешіміне сәйкес атқарушылық құжатқа сәйкес ғана әрекет етеді. Мысалы: адам қарыз бойынша борышты қайтармаса, кредиторлар оны сотқа берді. Сот талап-арызды кредитордың пайдасына қанағаттандырған жағдайда, борышкер сот шешімін орындауға не оны заңнамада белгіленген мерзімде даулауға міндетті. Әдетте, апелляциялық мерзім 5 күннен 1 айға дейін беріледі.
Егер қарыз алушы бүкіл уақыт ішінде кредитор алдындағы берешегін өтемесе немесе апелляцияға бермесе, кредитор сотта атқару парағын алғаннан кейін, борышты банк арқылы не Республикалық ЖСО палатасы арқылы мәжбүрлеп өндіріп ала алады, олар өз кезегінде қатаң түрде «Атқарушылық іс жүргізу туралы» ҚР Заңында белгіленген схемамен әрекет етеді. Іс жүргізу ашылған кезде жеке сот орындаушысы борышкерді хабардар етеді, SMS-хабарлама автоматты түрде жіберіледі, сот орындаушысы мәжбүрлеп орындау шараларын қабылдайды, борышкердің банктік шоттарындағы ақшалай қаражатты өндіріп алынатын сома шегінде бұғаттайды.
2019 жылғы 24 қыркүйектен бастап «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының жеке тұлғаның ағымдағы шоттарында ақша қаражатын сақтауға қатысты нормалары енгізілді. Қарыз бойынша мерзімі өткен берешекті 50% шегінде төлем талап негізінде өндіріп алу кезінде клиенттің ағымдағы шоттарында республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінен кем емес мөлшерде сома қалады.
Сұрақ: Қандай жағдайларда қаражатты есептен шығару негізсіз болып саналады?
Жауап: Процестердің автоматтандырылуына байланысты банктер немесе ЖСО тарапынан қаражатты дұрыс есептен шығармау барынша азайды. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорымен интеграцияланған, яғни іс қозғалған кезде тараптарды жеке тұлғалардың мемлекеттік базасымен идентификаттау жүзеге асырылады.
Алайда, кейбір жағдайларда олқылықтар орын алуы мүмкін. Мысалы, сот орындаушысы төлем мөлшерін дұрыс есептемеуі және қажетті соманы әр түрлі шоттардан бірнеше рет есептен шығаруы мүмкін. Немесе заң бойынша өндіріп алуға тыйым салынған шоттан ақша алу. Мұндай қорғалған шоттарға мыналар жатады: алимент, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік өтемақы алуға арналған арнайы шоттар.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес банктер қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамаған кезде, «арнайы» шоттардағы ақшаны қоспағанда, төлем талабын қою арқылы қарыз алушының ағымдағы шоттарындағы қарыз алушының ақшасына даусыз (акцептсіз) тәртіппен өндіріп алуға құқылы. Арнайы шот – бұл «қол сұғылмайтын» банктік шот, оның қаражаты қарыз алушының қарыз бойынша мерзімі өткен берешегі болса да, үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан толық қорғалған.
ҚР қолданыстағы заңнамасында 2019 жылдан бастап мыналарға: жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызуға; кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды асырап-бағуға арналған алименттерге; азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтарын төлеуге; білім беру жинақтау салымдарына арналған шоттардан ақша өндіріп алуға тыйым салу көзделген. Заңнамаға сәйкес арнайы шоттағы ақшаға: тыйым салуға, банктер мен банктік емес ұйымдардың төлем талаптары бойынша, сот орындаушыларының инкассалық өкімдері бойынша өндіріп алуға жол берілмейді.
Сұрақ: Адам ешкімге қарыз емес, алайда олқылық орын алғанда, қандай әрекеттер жасау керек?
Жауап: Егер сот орындаушысы сіздің дұрыс алынбаған ақшаны қайтару туралы өтініштеріңізге жауап бермесе, ЖСО республикалық палатасына хабарласыңыз (www.zhso.kz). Сіздің ісіңізді жүргізетін сот орындаушысының атына негізсіз есептен шығаруды қайтару туралы өтініш жасаңыз. Өтінішті еркін түрде жасауға болады. Атқарушылық құжаттың нөмірін және негізсіз есептен шығарылған соманы көрсетіңіз. Өтінішке мынадай құжаттарды қоса беріңіз: банктік шоттан үзінді-көшірме, сот орындаушысы борышкердің сіз емес екеніңізге көз жеткізуі үшін жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмесі. Өтініште өзіңіздің қаулының күшін жою және ұсталған соманы қайтару туралы өтінішіңізді көрсетіңіз. Өтінішті e-Otinish қосымшасы арқылы республикалық ЖСО палатасына жіберу оңай болады. Егер сізде мұндай мүмкіндік болмаса, қағазға жазылған өтінішті міндетті түрде екі данада жасап, кеңсе қызметінде тіркеу керек, сіздің көшірмеңізге міндетті түрде тіркеу күнін көрсету отырып, құжаттың қабылданғаны туралы белгі қою керек екенін ескеріңіз.
Сұрақ: Сот борышты өндіріп алу туралы шешім қабылдады, бірақ сот орындаушылары соманы дұрыс есептен шығармады. Мұндай жағдайда не істеу керек?
Жауап: Өтінішті e-Otinish қосымшасы арқылы Республикалық ЖСО палатасына жіберіңіз. Өтініште сот орындаушысының атын көрсетіңіз және сізден тиісті сомадан артық сома ұстап қалғаны туралы хабарлаңыз. Өтінішке қоса мынадай қажетті құжаттарды беріңіз: борыштың мөлшерін көрсету арқылы сот шешімі және сот орындаушысына жасалған аударымдармен қоса шоттардан үзінді көшірме. Өтініште қате көрсетілген сома бойынша есептен шығарылған қаражатты қайтару туралы өтінішті және ақшаны қайтару қажет болатын шот нөмірін көрсетіңіз.
Сұрақ: Борышкерден өндіріп алу заңмен қорғалған ақшаны алып қойған жағдайда не істеу керек?
Жауап: Мысал үшін: банк жеке сот орындаушысына сіздің жәрдемақыңызды немесе тұтастай жалақыңызды жіберді. Бұл жағдайда мәселені банк арқылы шешуге тырысыңыз. «Атқарушылық іс жүргізу туралы» Заңға сілтеме жасай отырып, төлемді қайтару туралы өтініш жазыңыз және түскен ақшаны қайтадан тексеру туралы банкке өтініш жасаңыз. Банк сіздің өтінішіңіздің дұрыс екендігіне көз жеткізсе, ол жеке сот орындаушыларына ақшаны қайтару туралы өтінішті өзі бере алады.
Сұрақ: Адам алған борышын даулады, сот атқарушылық құжаттың күшін жойды, алайда банк ақшаны сот орындаушысына қайта жіберуді жалғастыруда, бұл жағдайда қайда жүгіну керек?
Жауап: Бұл жағдайда банк сіздің борышыңыздың жойылғаны туралы хабарлама алмаған болуы мүмкін. Ондай кезде сіз сот орындаушысынан атқару парағын қайтарып алу туралы қаулыны сұратып, оны банкке ұсынуыңыз керек. Осы әрекеттерді орындағаннан кейін есептен шығару тоқтатылады. Есептен шығарылған және аударылған ақшаны қайтару үшін сіздің ісіңізді жүргізген сот орындаушысына хабарласып, ақшаңызды шотыңызға қайтаруды сұраңыз. Егер сіздің өтінішіңізді қарау ұзақ уақытқа созылса және ЖСО палатасы сіздің өтініштеріңізге жауап бермесе, сондай-ақ ақшаңыз қалай болғанда да қайтарылмаған болса, онда сіздің заңсыз есептен шығарылған қаражатты қайтару туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқығыңыз бар. Түрлі сұрақтарыңыз туындаған жағдайда, сіз Республикалық ЖСО палатасына мынадай: +7 7172 97 20 58 нөмірі арқылы қоңырау шала аласыз.
Егер сіз кредитіңізді бірнеше ай бойы төлей алмайтыныңызды біліп тұрсаңыз, онда кредиторға өз еркіңізбен келіп, жағдайыңызды айтқаныңыз дұрыс. Әдетте қарыз алушыларда жұмысынан айырылу, ауру, басқа да ауыр себептер сияқты уақытша қаржылық қиындықтар және т.б. туындаса, кредиторлар олардың жағдайын түсінуге тырысады. Егер сіздің қаржылық жағдайыңыз қиындап кетсе, кірісіңіздің азайғанын және қосымша табыс табу мүмкіндігіңіздің жоқтығын растайтын құжаттарды дайындап қойыңыз. Сізге кредитті қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру немесе төлем кестесін өзгерту сияқты қаржылық жүктемеңізді азайту жолдары ұсынылуы мүмкін. Кредиторлар сот ісін жүргізуге мүдделік танытпайды, себебі бұл процесс ешкімге де керек емес.
Кредит бұл - үлкен жауапкершілікті талап ететін ұмытпағаныңыз жөн!