18 қараша күні Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері “Hi-Tech” іс-шарасы кезінде Krisha.kz парақшасында "Пәтерді жалға беремін" деп жалған хабарлама беру арқылы тұрғындардан алдын-ала төлем ретінде ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп алған 1996 жылғы күдікті ұсталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Күдікті 27 жастағы ер адам болса да әр түрлі үнге дауысын өзгертеді. Бірде жас қыз немесе әйел болып, адамдарды телефон арқылы оңай алдап отырған.
Пәтерді жалға алу хабарламасы бойынша 37 жастағы қала тұрғыны Whatsapp әлеуметтік желісі арқылы хат алмасып, күдіктіге алдын-ала 50 000 теңге ақша аударған. Салдарынан жәбірленуші сан соғып қалды. Тергеу кезінде күдіктінің осындай 3 қылмыстық іске қатысы бары анықталды.
Аталған дерек бойынша ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.
Айта кетейік, Атырау облысында жыл басынан бері 20-ға жуық тұрғын интернет парақшалары арқылы жарияланған "үйді жалға беремін" деген жарнамадан сан соғып қалған.
Осы ретте, тәртіп сақшылары әлеуметтік желі арқылы жарияланған ақпараттардың дұрыс екеніне мән беріп, интернет-алаяқтардың арбауынан сақ болуды ескертеді.