Балалар қауіпсіздігі үшін терезелердің сыртын қауіпсіздік құлыптарымен жабдықтау міндеттелетін болды. Бұған қатысты Мәжіліс білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша заңды қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндағы басты мақсат білім беру саласындағы және жетім балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы кешенді жетілдіруге бағытталып отыр.
Заң жобасында сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салу, ата-аналарға электронды жүйелер арқылы бағалар мен үй тапсырмаларын тегін қарауға мүмкіндік беру, бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезек жүйесін енгізу қарастырылған.
«Білім сапасын арттыру мақсатында әкімдіктерге білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оларды 5 жыл сайын апаттық тексерістен өткізу сынды жаңа функциялар қосылады. Түзетулерге сәйкес кәмелетке толған азаматтар жетім балаларға тәлімгер бола алады. Тәлімгерлердің талаптары, құқықтары мен міндеттері заң жобасында белгіленеді. Сондай-ақ балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен терезелердің сыртын қауіпсіздік құлыптарымен жабдықтау міндеттеледі. Денсаулық сақтау және білім беру объектілерімен қамтылмаса, көппәтерлі тұрғын үйлерді салуға тыйым салатын нормалар көзделген», - деп жазылған Мәжілістің баспасөз қызметіне таратқан ақпаратта.