Облысымызда «Маңғыстау жастары» тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие беру бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Өтінім қараша айының 16-сы мен 30-ы күні аралығы www.mangystauzhastary.kz сайтында электронды түрде қабылданады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, бағдарлама мақсаты – қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы аймақтың еңбек нарығында сұранысқа ие жас мамандарды ынталандыру және қолдау.
Бағдарлама қатысушыларына берілетін несиенің ең жоғары сомасы – Ақтау қаласы бойынша 15 млн теңге, ал Жаңаөзен қаласы мен аудандар үшін 10 млн теңгеге дейін. Жылдық пайызы – 5%, несие мерзімі - 20 жыл, алғашқы жарна 10%-ды құрайды.
-Бағдарлама қатысушыларына қойылатын талаптар бар. Ең алдымен қатысушы және оның отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ ел аумағында соңғы 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйі немесе меншік құқығындағы тұрғын үйі болмауы керек. Сонымен қатар өтініш беру кезінде қатысушының жұбайын қоса алғанда жасы 18 жастан 35 жасқа дейін болуы тиіс. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Қатысушының Маңғыстау облысында соңғы 2 жыл ішінде тұрақты тіркеуінің болуы, сонымен бірге өтініш беру кезінде, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Маңғыстау облысында тұрақты тіркеуі болуы тиіс.Сондай-ақ отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табысы міндетті аударымдарды шегергенде 150 098 теңгеден аспауы және қатысушының ресми жұмыс өтілі Маңғыстау облысында кемінде толық 1 жыл болуы міндетті. Өтінім беруші аталған бағдарлама аясында сатып алатын тұрғын үйді тіркелген мекенжайы бойынша ғана ала алады, - деді Мұқаш Оралбай.
Спикер брифинг барысында аталған бағдарламаға қай салалардың жас мамандары қатыса алатынын айтып өтті.
-Денсаулық сақтау, білім және ғылым, мәдениет, ауылшаруашылық, спорт және дене шынықтыру, ақпарат, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласының жас мамандары, аймақтағы коммуналдық кәсіпорындарының мекемелері мен әлеуметтік сала мамандары бағдарламаға қатыса алады. Сондай-ақ жоғарыда аталған салада жұмыс жасаған бала күтіміне байланысты еңбек демалысындағы әйелдер де өз бақтарын сынауға мүмкіндіктері бар. Бұл санат бойынша қатысушы тең қарыз алушы ретінде үшінші тұлғаны тарта алады, - деді Мұқаш Оралбай.
Маңғыстау облысының тұрғындары бағдарлама ережесі жөнінде толық ақпаратты www.mangystauzhastary.kz сайтынан біле алады. Ал өзге сұрақтар бойынша 8 (7292) 335520 нөміріне хабарласуға және «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «@mangystau_jastar_sayasati» парақшасынан танысуға болады.