29 қарашада Yessenov University-де өңір басшысы Нұрлан Ноғаев пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай Тағанұлының қатысуымен ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференцияда Әшірбек Мүмінов, Алқажан Еділхан, Өмірзақ Озғанбайұлы, Қыдыр Төреәлі, Ислам Мырзабекұлы, Рахымжан Әкімбаев және Думан Сейфуллин сөз сөйледі. Конференцияда спикерлер «Маңғыстау облысындағы ХІІІ - XIV ғасырлардағы сопылық ілім», «Бекет ата тұсындағы Маңғыстау сопылары», «Исламдағы аскетизмнің пайда болу факторлары» тақырыптарында ой өрбітті.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Бекет-Ата тек қазақтардың ғана емес, бүкіл түркі халқының рухани тәлімгері екенін атады.
«Бекет-Ата-Маңғыстаудың көрнекті тарихи тұлғасы. Ол жерасты мешіттерін тұрғызып қана қоймай, көптеген шәкірт тәрбилеп шығарды. Жерасты мешіттері бірегей архитектуралық туынды ғана емес, көптеген елдерден зиярат етушілер ді тартатын қаситетті мекенге айналды. Оның тәлімгерлігі болашақ ұрпақты ағартумен қатар, рухани құндылықтарды дәріптеп, халық арасында ізгілік қаситеттерін қалыптастырды. Бекет-Атаның рухани мұрасы - біздің жүрегімізде әрқашан сақталатын баға жетпес қазына», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.