Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Аталған іс-шараға азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев, Соттар әкімшісінің басшысының міндетін атқарушы Аманбек Калпаков, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Нұрсапа Примашев осы жылдың қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мамандандырылған тергеу соттарын құру және Қазақстан Республикасы соттарының кейбір кадрлық мәселелері» туралы Жарлыққа қол қойғанын және тергеу судьясының лауазымы Қазақстанда 2015 жылы енгізілгенін атап өтті.
Сондай-ақ ол жасырын тергеу амалдарын санкциялау, құпиялылықты сақтау, мүлікке тыйым салу жұмыстарының, тергеу судьяларының басқа да өкілеттіктері туралы айтып, тергеу кезінде қорғау мен айыптау тараптарының жарыспалылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Бауыржан Елемесов Мұнайлы аудандық сотының төрағасы лауазымынан босатыла отырып, Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы болып тағайындалды. Ал Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы болып Ақтау қалалық сотының судьясы қызметінен босатылған Ғабиден Орахов тағайындалды.
Нұрсапа Примашевпен Бауыржан Елемесов жиналған көпшілікті құттықтай отырып, жаңа нысанның лентасын қиды. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы заң үстемдігінің игілігі және азаматтардың сотқа деген сенімін нығайту жолындағы істерге сәттілік тілеп, жаңа қызметке тағайындалғандарды құттықтады.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР,
Суретті түсірген Талант Құсайын