Елбасы Н.Назарбаев өткен жылдың қараша айында ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңына қол қойған болатын. Аталмыш заңды облысымызға келген ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық бақылау департаментінің берешектермен жұмыс басқармасының бас сарапшысы Меруерт Сисенбаева егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Семинарға мемлекеттік органдар, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы, Ұлттық банк, «Қоғамдық келісім» КММ өкілдерінен құралған бизнес қауымдастықты ақпараттандыру жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері қатысты.
- Аталған заңда рәсімдерді оңтайландыруға және мерзімін қысқартуға бағытталған шаралармен қатар кәсіпкерлерге өз бизнесін сақтау үшін жаңа тетіктер қарастырылған. Біріншіден, банкроттықтан оңалтуға көшу. Бұл тетікті бизнес өкілдері берешектерге қатысты бұрын оңалту рәсімі қолданылмаған және банкроттық рәсімі барысында бизнесті жандандыру көздерін тауып,оңалту жоспарын әзірлеген жағдайда қолдануы мүмкін. Ол үшін мүліктің меншік иесі немесе құрылтайшысы банкроттықты басқарушыға әзірлеген оңалту жоспарын және банкроттықтан оңалту рәсіміне өту мүмкіндігін қарау үшін кредиторлар жиналысын өткізу туралы өтінішпен жүгінеді. Бұл мәселе кредиторлар жиналысында мақұлданған жағдайда келісілген оңалту жоспары сотқа жолданып, оның негізінде сот борышкерге осы рәсімді қолдану туралы шешім шығарады. Кредиторлардың шешімі бойынша кәсіпорынды басқару мүлік иесіне немесе олар таңдаған оңалтуды басқарушыға көшеді. Сот шешімі негізінде банкроттық рәсім тоқтаталып, кәсіпорынға әзірленген жоспар негізінде оңалту шаралары қолданылады,-деді бас сарапшы Меруерт Сисенбаева. Оның айтуынша, банкроттықтан оңалтуға көшу кезеңдік үдерісінде кредиторлармен келісімге келу және сот рәсімдерінен өту қажет. Сондай-ақ банкрот статусынан арылу, кәсіпорынды қатарға қосу меншік иесінің құқығына жатады. Аталмыш заң борышкерге банкроттықтың кез келген сатысында бітімгершілік келісімді жасасуға мүмкіндік береді. Міндетті шарт- алдын ала еңбекақы бойынша берешек толық көлемде өтелуі тиіс. Қабылданған заңға сәйкес, банкрот кәсіпорынды тұтас мүліктік кешен ретінде атауы және сауда белгісін сатып алып, жаңа иесіне айналуға болады. Кредиторлармен есептескеннен кейін мекеме банкрот статусынан арылады. Бас сарапшының мәліметінше, қазіргі таңда заңда қаралған төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін 1 5 кәсіпорын қолданып отыр. Атап айтсақ, бұл компаниялар Оңтүстік Қазақстан,Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарында жұмыс істейді.
Семинарда Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Шаншарбек Есмағанбетов оңалту және банкроттық туралы заңнаманың сот процесінде қолданылуы туралы деректерді ұсынды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың I тоқсанында борышкерді банкрот деп тану туралы 1 4 өтініш, оңалту үдерісін қабылдау жөнінде 1 арыз келіп түскен. Талдауларға қарағанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда борышкерді банкрот деп тану, оңалту үдерісін қабылдау туралы қаралған істің саны артып отыр.
Семинар барысында оңалту және банкроттық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтыруларға қатысты айтылған ұсыныс-пікірлер талқыға салынды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ