ХХІ ғасыр – түбегейлі геоэкономикалық және геосаяси өзгерістер кезеңі. Жаңа дәуірде бүкіл әлем әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді бастан кешіріп отыр. Еліміз Тәуелсіздік алған ширек ғасырдың ішінде жоғын жоқтап, барын базарлаған, асылын ардақтаған мемлекетке айналуы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясатының, тыныштық пен тұрақтылықтың, ұлтаралық татулықтың арқасы деп білеміз.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы қазіргі әлемдік экономикалық, саяси, рухани дағдарыс жағдайдағы ел тағдырын тығырықтан алып шығатын, уақыт талабына сай бағытталған тарихи құжат деп ойлаймын. Құнды құжат дағдарысқа қарсы басты үш міндетті – өсім, реформа, даму бағытын көрсетіп, жаңа жаҺандық нақты ахуалдағы еліміздің болашаққа бағдарын айқындап берді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы үшін ұзақ мерзімде орындалатын бірнеше міндет қойды.
Президентіміздің дәстүрлі Жолдауын халық ерекше ықыласпен қабылдады. Құжаттың ішінде ұлт мұраты, ел тәуелсіздігі, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар көрініс тапты. Жолдаудың «Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері» тарауында дағдарыс сипаты мен астарын, негіздемесін айтып кетсе, «Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері» тарауында әлемдегі дағдарысқа қарсы Қазақ елінің 7 мүмкіндігін саралап берді. Құжаттың «Біздің дағдарысқа қарсы басты міндетіміз» тармағында өсім, реформалар, даму ұғымдарына талдау жасалады. Елбасымыз Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашу қажеттігін атап өтті. Ұлт жоспары арқылы мемлекеттік, корпоративтік менеджментті, қаржыны өзгеріс жасау арқылы дамыту терең білімділікті, біліктілікті, шеберлікті қажет етеді. XXI ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Осыған сәйкес, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоғары әлеуметтік жауапкершілік, халықтың неғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкіл мемлекеттік, қоғамдық және жеке институттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Елбасы Н.Назарбаев Жолдауда атаған басты төрт тарау арқылы Қазақстан жастарын білімді, еңбекққор, бастамашыл, белсенді болуға, жұмыс пен сұранысы бар өңірге батыл қадаммен баруға, шеберлікке қол жеткізуге шақырып, жоғары оқу орындары мамандарына, педагог ғалымдарға білім беруде, кәсіби маман даярлауда үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. ХХІ ғасырда жалпы адамзаттың даму жолын білім мен ғылым айқындайды. Қазіргі таңда әлемдік даму үдерісінде білім мен ғылым – басты өмір сүру тетігі. Сондықтан да білім мен ғылымды ұлттық экономика мен қоғамның әлеуметтік сұраныстары талаптарына сай дамытуды қамтамасыз ету жүйелі жолға қойылып отыр. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың Қазақ елін жаңа даму белестеріне көтеретін құнды құжаты әрбір қазақстандықтың жүрегіне сенім ұялатып, еліміздің өсіп-өркендеуіне жарқын жол ашты. Жаһандық ахуалға қарамастан, Президенттің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда өсім, реформалар, даму» Жолдауы барша қазақстандықтар үшін қауіпіздік және тұрақтылық кепілі болмақ. Жолдаудың жүзеге асырылуына белсенді атсалысу – әрбір қазақстандықтың парызы деп білемін.
Тілектес ҚАНБАЕВА, «Маңғыстау аумақтық бөлімі» филиалының басшысы, сот орындаушы