Ұлы Отан соғысы.... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш еткен, тарихта мәңгі қалған күн. Бұл күнді соғыста қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлеріміз тойлайды.
Ұлы Отан соғысынан аман оралған қарияларымыз жыл санап азайып барады емес пе? Солардың жанымен, қанымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, туған жердің топырағын жауға таптатпай, жауды жеңіп, жеңістің таңбасын басқан күн ол- Жеңіс күні. Сондықтан бұл Ұлы мереке. Бұл күнді біз ұмытсақ та оққа ұшқан жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыз және тарих мәңгі ұмытпайды.
Ұлы отан соғысы 4 жылға созылды. Майдан даласында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Солардың бірі менің атам Әділов Қолғанат сол сұрапыл соғыстан оралмай қалған азаматтардың тізімінде болатын. Қаншама отбасын жетім еткен, қаншама нысандарды жойып жіберген сұрапыл соғыс адамзат тарихындағы ең зұламат соғыс болды.
Соғыс -күйретуші күш! Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ.
Бұл күннің толғағы ащы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке.
Біз Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске ештеңе теңеспейтін бір ғажап күшпен жеттік деуге болады. Ол күш әрине, «бірлік». Ұлы жеңіс 15 одақтас болған мемлекеттердің ортақ мерейтойы.
«Ер есімі- ел есінде»,- демекші, бізге бейбіт өмір, жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы мәңгі шуағын шашпақ.
Ұлы жеңіс мерейтойы құтты болсын! Қарияларымыз аман, еліміз тыныш, бейбіт болсын!
Жанаргүл ҚОЛҒАНАТ Ақтау гарнизоны әскери сотының кеңсе меңгерушісі