Таяуда Қазақстан Республикасы Судьялар одағының кезектен тыс VII съезін шақыру туралы қаулы қабылданды. Бұл жиында еліміздің сот жүйесіне қатысты көптеген маңызды мәселелер қаралады деп күтілуде. Рас, бұған дейін өткен алқалы алты жиында да сот жүйесін жетілдіруге қатысты көптеген ұтымды ұсыныстар айтылып, бүгінгі таңда сол күн тәртібіне қойылған міндеттердің алды жүзеге асырыла бастады.
Мойындауымыз керек, осы 20 жыл ішінде сот жұмысына, судьялар қызметіне қатысты қарапайым қалам-қағаздан бастап, зәулім ғимаратқа дейінгі материалдық мәселелердің барлығы дерлік шешімін тапты. Судьялар съезі-әр аймақтан келген судьялардың еркін ой-пікір алмасуына, сот жүйесінің дамуы мен өзекті мәселелердің шешімін табуына, сот жүйесінің материалдық базасының нығаюына айтарлықтай ықпалын тигізді. Бір сөзбен айтқанда, судьялар съезі қазылар қауымының көкейдегі ойын халыққа бүкпесіз жеткізетін биік мінберіне айналды.
Судьялардың 2013 жылдың 20 қарашасында өткен VI съезінде сот саласындағы соңғы 4 жыл көлеміндегі атқарылған сан-салалы жұмыстары таразы басына салынып, сараланды.Съезде сот жүйесін әрі қарай ілгерілету, орын алған кемшіліктерді көрсетіп, судьялар жұмысына жаңа серпін беру, құқықтық жүйені белсенді қалыптастыруға баса назар аударылды.
Мемлекет басшысының өзі VI съезде сөйлеген сөзінде: «Біз Қазақстан-2050» стратегиясын темірқазық ете отырып сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет. Дана халқымызда «Билік айту- оңай, біліп айту-қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету- кез келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал,әділ болуы керек. Қазы-халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді. Біз Мәңгілік ел боламыз деп, кемел келешегі бар мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы- кез келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылысы емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек.
Біз бұл бағытттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Ал, судьялар, сіздерден әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық талап етіледі. Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам-ең дамыған қоғам.
Біздің мақсатымыз-дәл сондай қоғам құру. Біз қабылдаған көпжылдық стратегияның басты межелерінің бірі-осы»,-деп бұл саладағы жұмыстарға сын көзбен қарап, қордаланған мәселелерді жеделдетіп шешудің қажет екендігін қадап айтқан еді.
Қазір Қазақстан Республикасы судьяларының әр съезінде қабылданған шешімдер өз деңгейінде орындалып келеді. VI съездің нәтижесі деп судьялар корпусының құрамы мен сот аппаратының ұлғайғанын айтуға болады. Бұл Қазақстанның сот жүйесіне оң ықпал ете білді және соттардың жүгін жеңілдетуге септігін тигізді.
Марат АЛДАБЕРГЕНОВ Ақтау гарнизоны әскери сотының төрағасы