«Теңгемін, теңгемін!»
Қазақ деген елденмін.
Тәуелсіздік – тұғырым,
Жарқын менің ғұмырым!
Қазақ халқына ғасырлар бойы арман болған егемендік тұғырын биікке көтеретін күн, тәуелсіздік күні – еліміз үшін, халқымыз үшін қастерлі мереке болып саналады. Бұл күннің мәртебесін елбасымыз 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы Конституциялық заңымен айқындап берген болатын. Содан бері 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып, биыл міне қазақ халқы бостандықтың 30 жылдығын тойланғалы отыр. Тәуелсіздік –біздің ұрпаққа берген үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы, біздің ең басты игілігіміз.
Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекттілігін құруға деген заңды құқығы бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр. Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таң қалдырып, жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты ел, екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Өзіне тәң барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды.
Егемендігін алған ел экономикалық тұрақтылыққа да ие болу қажет болатын. Ол үшін әрбір елдің Кеңіс одағының рубльдік аймағынан шығып, өзіндік валютасын шығара бастаған еді. Осыған байланысты 1993ж. 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» жарлық шығарды. Бірақ жарлықтың 1993 жылдың 15 қараша күні таңертеңгі сағат 8:00-ден бастап енгізілгенін бірі білсе бірі біле бермейді. Ал Ұлттық валютамызды «теңге», ал оның жүзден бір бөлігін «тиын» деп атауды сол кездегі ҚР Жоғары кеңесі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов ұсынған еді.
Ел теңгесінің де өзіндік шығу тарихы бар. Ұлттық валютамызды жасап шығаруға екі жылдай уақыт кеткен болатын. 1990 жылдан бастап республикамыз теңгенің алғашқы үлгісін жасау мақсатында арнайы топ құрды. Тәуелсіз елдің алғашқы теңгесін Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлеловтер жасап шығарған еді. Олар жұмыстарын Қазақстан мәдениетінің тарихи даму аспектілерін зерттеуден бастаған. Өйткені Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Біз ұлттық ақшамызды бір-ақ рет және бір атаумен шығаруымыз керек. Екінші қайтара оның аты өзгермейді. Сондықтан оны әбден зерттеп барып, бір шешімге келуіміз қажет»,- деді. Содан кейін бүкіл тарихты көтеріп, қазаққа қатысты еңбектер ақтарылып, біздің болашақ валютамыз «теңге» деген әдемі атауға ие болды.
1992 жылы тамыздың 27-сі күні Ұлттық банк басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте –Абай, елу теңгелікте - Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылайхан бейнесі салынған. Теңге дизайнерлерінің бірі – Прага сәулет институтының түлегі, бірнеше халықаралық конкурстардың жеңімпазы Х.Ғабжалеловтың пікірінше, ақшада айтулы алаш азаматтарының бейнесін берудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, қосымша күрделі бедер – бейнелер банкноттарды қолдан жасаудан қорғайды, екіншіден тарихи тұлғаларымыздың суреттері біздің жас мемлекетіміздің өз тарихы мен болмысын танытады және қазақ ақшаларын әлемдегі басқа валюталардан даралап, айшықтап тұрады. Қазақстанның ақша сарайы металл тиындарды шығаруға дайын болмағандықтан жедел түрде қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң оларды металл тиындарға ауыстырды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеталармен алмасты. 1993 жылы басталған банкнот фабрикасы 1995 жылы толық аяқталды. 19 мамыр 1995 жылы ресми ашылу рәсімі өтті. 1995 жылы Алматыда өз банкнот фабрикамыздың тұсауы кесілді. Қазір Тәуелсіз Қазақстан төл валютасын өз елімізде басып шығарады. 2006-2011жылғы банкнот фабрикасы ұлттық ақшаның түрлерін басып шығарды. Теңге 2006 жылы өз бейнесін өзгертті. 2006жылғы үлгідегі банкноталар бірыңғай стильде орындалған, суреттер бет жағында негізінен тігінен, сырт жағында көлденеңінен орналасқан. Тұтастай алғанда, дизайн Қазақстанның қазіргі бейнесін көрсетеді. Барлық мемлекеттік нышандар, сәулет объектілерінің және елдің табиғат нышандарының бейнелері кіреді. 2011 жылы 25 мамыр Ислам конференциясының ұйымдарындағы Қазақстан өкілдігіне арналған теңге, Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына және 15 жылдығына арналған, 2010 жылы 1мың теңгелік көкшіл – жасыл, 2011 жылы Қысқы Азия ойындарына арналған, 2011жылы Тәуелсіздікке арналған теңге түрлері басылып шығарылған еді. Биылғы жылдан бастап 20 000 теңгелік ұлттық валютамыз қолданысқа енгізіліп отыр.
Бүгінгі теңге тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының дербес тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр. Теңге ұлттық валюта ретінде еліміздің экономикалық даму үдерісінде өзінің лайықты орнын тапты. Еліміз «Қазақстан-2050» стратегиясын басшылыққа алып, әлемнің өркениет көшімен қарышты қадаммен алға басып келеді. Бұл әлемнің озық 30 елінің қатарына бағытталған ізгілікті қадам болып табылады. Сондықтан да тәуелсіздік барда теңгенің өмірі ұзақ болары анық. Теңге – тәуелсіздігіміздің нышаны. Ұлттық теңгеміздің ел экономикасын тұрақтандыруға ықпалы зор. Ұлттық теңгенің болуы ұлт тәуелсіздігінің негізгі көр¬сет¬кіш¬терінің бірі. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Ұлттық валюта ретіндегі теңге, біздің еліміздің тарихында өзінің рөлін тәуелсіздіктің экономикалық негізі ретінде ғана атқарған жоқ. Кейбір жағынан алғанда теңге – бұл тарихымыздың өзінің толымды бір бөлігі, өз заманының нысаны».
Биылғы таңда еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл, төл теңгемізге 28 жыл толады. Аталған ұғымдар жылдар бойы сабақтасып өмір сүре бермек. Өйткені теңге ел егемендігінің мәңгілік сипаты, республиканың әлемдік орнын айқындайтын құралы іспеттес. Өткен 28 жыл ішінде теңгенің дәл қазіргідей деңгейде қалыптасып қалуы оңай болған жоқ. 90-шы жылдардың ортасында құлдарау кезеңінен өтіп, қадамын нықтаған болатын. Алайда теңге өз құндылығын жоғалтпай, әлем мемлекеттері мойындап келе жатқан республикамыздың ұлттық мақтанышына айналып үлгерді. Қазіргі таңда да болып жатқан шетелдік бағаммен шаққандағы теңгенің жағдайын уақытша құбылысқа балап, тәуелсіздік тыныстап тұрғанда теңгеміздің деңгейінің алдағы уақыттарда жоғалмайтынына сенеміз де сенімдіміз!
Сеисенбаева Динара Эсенгуловна
Маңғыстау мемлекеттік мүлік және жекешелендіру
департаментінің ұйымдастыру-кадр жұмысы және
құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы