Бұл туралы Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі Құрман Қайранов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
– Қазір жасөспірімдердің мопед жүргізуіне байланысты жарақаттың жаңа түрі пайда болды. Жыл басынан бері мопедке қатысты 20-дан астам жол-көлік оқиғасы орын алған. Нәтижесінде бір кәмелетке толмаған бала қайтыс болды. Зардап шеккендердің көпшілігі омыртқа мен жамбас сүйектеріне ауыр жарақат алғандар. Болашақта бұл баланың мүгедек болуына әкелуі мүмкін», - деді Құрман Қайранов.
Дәрігерлердің айтуынша, орталық көшелерде жоғары жылдамдықпен жүру жарақат алу деңгейінің жоғары болуына себеп болды. Жол қозғалысы ережелерін және өз қауіпсіздігін елемеу — көлік құралдарымен соқтығысуға әкеледі.
- Мопед сатып алғанда, ойланыңыз: «Оны не үшін сатып алып жатырсыз? Салдары қандай болуы мүмкін?» Мопед сатып алу арқылы сіз балаңыздың өміріне қауіп төндіресіз. Тіпті, кішкентай балаларды қағып, қайғылы оқиғаға сіз де кінәлі болуыңыз мүмкін. Дәрігер ретінде мен жасөспірімге мопед алып беруді ұсынбаймын. Өйткені ең бастысы – балаңыздың өмірі мен қауіпсіздігі», – деп атап өтті Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі Құрман Қайранов.