Қазір медицинаның дамуының арқасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен халыққа мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкін болды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Маңғыстаудағы филиалының мәліметінше, осы жылдың 9 айында 43 711 науқас емделді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен барлық сақтандырылған пациенттерге қымбат операциялар қол жетімді болуының ешқандай құпиясы жоқ. МӘМС жүйесі барлық сақтандырылған азаматтар үшін кірістер мен аударымдардың мөлшеріне қарамастан сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры Елдеш Қосмағанбетов.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау филиалында МӘМС аясында жүргізілген кезекті операция туралы айтылды. Қала клиникаларының біріне жоспарлы операцияға 46 жастағы әйел түскен. Науқас түсіндіргендей, ол осы уақытқа дейін ешқандай ауырсынуды сезінбепті. Бірақ бір күнде оның жағдайы күрт нашарлап, әйел қатты ауыра бастаған. Ауруханаға жатқызу бюросының порталы бойынша ол жеке клиникалардың біріне түсті.
«Әйел оң жақтағы бүйрек шаншуы және оң жақтағы обструктивті пиелонефрит клиникасымен келді, бұл несепағар мен бүйрек тасының ұзақ мерзімді бітелуіне және оң жақтағы гидронефроздың көрінісіне байланысты. Науқасқа оң жақ несепағарды стенттеу жүргізілді, бұл бүйрек шаншуын тоқтатуға, пиелонефритті емдеуге, асқынуларды жоюға мүмкіндік берді», - деп бөлісті уролог-дәрігер Вензига Игорь.
Науқастың айтуынша, операция ауыртпалықсыз өткен.
«Бүгін мен дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында ғана өзімді жақсы сезінемін. Мен оларға ризамын. Сондай-ақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына алғысымды білдіргім келеді. Олардың арқасында мен бұл медициналық қызметті тегін ала алдым»,- деді 46 жастағы емделуші.
Бас дәрігердің орынбасары Матекеева Мақпал атап өткендей, клиникаға заманауи гольмий лазерін, сондай-ақ қосымша эндоскопиялық жабдықты сатып алынды. Бұл жабдықтар клиниканың мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен және уролитиямен ауыратын науқастарға тиімді операциялар жасауға мүмкіндік беруде. Емханада МӘМС аясында уролития диагнозы қойылған 36 науқастарға осындай операция жасалды.
«Мұндай операцияның құны 346 мың теңгені құрайды», - деді филиал директоры Елдеш Қосмағанбетов.
- МӘМС жүйесінің қатысушысы бола отырып, жоспарлы сақтандыру жағдайы басталған кезде пациенттер қымбат қызметтер ала алады және күтпеген шығындардан аулақ бола алады. Жедел жағдайлар мен хирургиялық араласулардан кейін қалпына келтіру МӘМС пакетінде де қолжетімді болады. Әр адам медициналық ұйымды өзі таңдай алады – жеке немесе мемлекеттік, онда ол тексеріліп, емделеді.
Маңғыстау облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге 2023 жылы 81,6 млрд теңге қарастырылған. Олардың МӘМС-ке 36,8 млрд теңге бөлінді. 2023 жылдың басынан бастап облыстың 82 медициналық ұйымы қормен шартқа отырып халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Жеткізушілердің көбі жеке медициналық ұйымдардан тұрады.