Жаңаөзен қаласында 2023 жылдың 9 айында АИТВ инфекциясымен 5 адам тіркелді. Бұл ақпаратты Жаңаөзен сенім пунктінің эпидемиолог дәрігері Тұрған Ургенішбаева жеткізді.
Оның айтуынша, ауру тіркеле бастағаннан бүгінгі күнге дейін өсу үрдісімен Жаңаөзен қаласында АИТВ инфекциясымен барлығы 27 адам тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 17,6 болып отыр. Анықталған адамдардың арасында бала күтіп жүрген ерлі-зайыптылар да бар. Барлық науқастар Маңғыстау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығында бақылауға алынып, антиретровирусты терапия алады.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы АИТВ инфекциясына тегін тексерістен өтіп, сол арқылы өзінің иммундық статусын анықтай алады. АИТВ инфекциясын ерте анықтау адамның денсаулығын жақсартуға және АИТВ-ның одан әрі берілу қаупін азайтуға көмектеседі. Әрбір адам салауатты өмір салтын ұстанып, отбасында, жұмысында және қоршаған ортада АИТВ инфекциясы туралы білімімен бөлісуі – көптеген адамдарды құтқаратын алдын алу шарасы болып саналады.