Маңғыстауда облыстық аурухананың медициналық техникасы 92%-ға жаңарған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Жәнібек Әжмұханов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, 2020-2023 жылдар аралығында сатып алынған медициналық жабдықтардың сан түрлі санаттағы міндеттемелері бар. Олар: аутогемотрансфузияға арналған аппарат және С-доға түріндегі мобильді цифрлық рентгенографиялық жүйе мен жүрек-өкпе аппараты S5 жүйесі. Ең маңыздысы аппараттар қатарына науқас мониторы және медициналық функционалды төсек кіреді. Науқас мониторы 40 болса, функционалды төсек саны - 80. Жаңа техникаға байланысты жаңа операциялар мен ем алу көрсеткіштері өсіп келеді.
- 2022 жылмен салыстырғанда ауруханаға түскендердің саны 3 524 пациентке өсті, пайыздық көрсеткішпен 19%-ға жетті. Сондай-ақ облыстық аурухана мен Ақтау қалалық перинаталдық орталықтың бірігуіне байланысты көрсеткіш деңгейі артып отыр. Бұл өсім шілдеден бастап 21,8%-ға көтерілді. Ота саны 1 311-ге өсті, бұл 20% құрайды, операциядан кейінгі өлім-жітім 22,74% - ға төмендеді. Операция санының көбеюіне байланысты облыстық аурухана құрамына перинаталдық орталық енді. Сонымен қатар арнайы ота бөлмесі ашылды,- деді Жәнібек Әжмұханов.