Маңғыстауда қызылша ауруын жұқтыру көрсеткіші өскен. Науқастардың басым көпшілігі Жаңаөзен қаласынан. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте облыстағы эпидахуал және жұқпалы аурудың таралуына қарсы күрес мәселелері талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың мәліметінше жыл басынан бері Маңғыстау облысында қызылшаға күдікті 2245 жағдай тіркелген, оның 1103-і іс жүзінде дәлелденген.
«Біз адамдарды топқа бөліп, қосымша иммундау үшін тізім жасадық. Жақын арада 6 айдан 10 айға дейінгі 14300 баланы вакцинациялау басталады. Бұдан басқа, 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі 36950 баланы , сондай-ақ 3779 медицина қызметкерін вакцинациялауды жоспарлап отырмыз. Барлығы 55029 адамға профилактикалық егу жүргізіледі», - деді Аманбек Жұмыров.
Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаевтың айтуынша, Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық жағдай 2023 жылдың алғашқы 10 айында тұрақсыз деп бағаланады.
«Біз жіті респираторлық вирустық инфекциялармен сырқаттанушылықтың 14,1% - ға артқанын байқап отырмыз. Тұмау ауруы 10 жағдайға, қызылша ауруы 848 - ге, көкжөтел ауруы 83-ке өсті. Қызылша ауруының ең көп саны Жаңаөзенде анықталды – 438. Мұндай жағдайдың негізгі себептерінің бірі 2020-2022 жж. аралығында қызылшаға қарсы жоспарлы екпелердің толық қамтылмауынан, - деді мекеме басшысы.
Жиында атап өткендей, өңірде вакцина қоры жеткілікті. Қараша айының соңына дейін өңірге 67 мыңнан астам вакцина жеткізіледі.
Нұрлан Ноғаев соңғы жылдары өңірде вакцинацияланғандар саны тұрақты түрде азайып келетінін атап өтті. Ата-аналар вакцинациядан бас тартады, тек өздеріне ғана емес, басқаларға да қауіп төндіреді. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
«Қызылша және басқа жұқпалы аурулар сияқты аурулардың жүйелі түрде алдын алу маңызды. Адамдар өздерінің, жақындарының денсаулығы және жалпы қоғам алдындағы жауапкершіліктерін білуі керек. Халыққа қауіпті жұқпалы аурулардың салдарын нақты түсіндіріп, оларға аурудың алдын алудың жалғыз жолы- екпе салу екенін жеткізу қажет», - деді Нұрлан Ноғаев.
Дәрігерлер қызылшанының аса қауіпті жұқпалы дерт екенін ескертеді. Ол ауа арқылы жұғады. Тіптен науқаспен бірер мезет беттескен адам үшін ауруды жұқтыру қауіпі аса жоғары. Ауруды тасымалдаушы да науқас екенін назарда ұстаған жөн.
Қызылшаның алдын алудың басты артықшылықтарының бірі — аурудың әр алуан асқынуларының алдын алу. Ал қызылшаның алдын алу мен күресудің ең тиімді тәсілі - халықты иммундау.