Балалар арасында қызылшаның таралуына байланысты қала тұрғындары облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлердің жетіспейтіндігін айтып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы вирустық инфекция жұқтырғандар 14,1 пайызға артқанын алға тартып отыр. Сонымен бірге, тұмаумен ауыру 10, қызылша 848, көкжөтелге шалдыққандар саны 83 адамға артқан.
«Неліктен облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында бір ауысымда жалғыз дәрігер жұмыс істейді? Балаларды ауыр жағдайда әкелгеніне қарамастан екі бөлімде бір дәрігер жұмыс істеп отырады. Дене қызуы көтерілген баламен 3 сағат бойы кезек күттік, - деп жазды тұрғындардың бірі Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм-арнасында.
Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында мұндай жағдай тек кешкі уақытта болатынын айтып отыр.
«Инфекциялық ауруларды қабылдау бөлмесінде кешкі кезекшілікте 1 дәрігер, бөлімше ішінде 1 дәрігер және 1 реаниматолог жұмыс істейді. Жұмыс күндері штаттық кестеге сәйкес барлық дәрігерлер жұмыста болады, - деп жазылған аталған мекеме таратқан хабарламада.
Жыл басынан бері Маңғыстау облысында қызылшаға шалдықты деген күдікпен 2245 адам анықталған. Оның ішінде 1103 тұрғынның қызылшамен ауырғаны белгілі болды. Ал ең көп ауырғандар саны Жаңаөзенде анықталды (438 адам).
Таяу уақыттары 6 айдан 10 айға дейінгі 14300 балаға екпе салу шарасы басталады. Бұдан басқа, 2 жастан 4 жасқа дейінгі 36950 баланы, сондай-ақ 3779 медицина қызметкерін вакциналау жоспарланған.