Маңғыстау облысында онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Биыл 10 айда 86 280 адам онкологияның алдын алу үшін скринингтен өткен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
ООД ұйымдастыру әдістемелік, скринингтік бөлім меңгерушісі Әйгерім Агилаеваның мәліметінше, биыл 34 254 адам сүт безі обыры бойынша скринингтен өтуі жоспарланған болатын, қазіргі таңда 27 483 адам тексеруден өткен. Жатыр мойыны обыры бойынша 30 664 тұрғын скринингтен өтті (59,13%). Жыл соңына дейін 21 191 адам өтуі тиіс. Ал колоректальды обыр бойынша скринингтен 28 133 (84,59%) өткен. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 33 259 адам тексеруден өтуі жоспарланған.
Жалпы биыл 10 айда 5 267 адам онкологиялық ауруға шалдыққан. Ал 862 адам Д есепке алынған.
- Облыс тұрғындары міндетті түрде онкологиялық аурулардың алдын алу үшін скринингтен өтуі тиіс. Атап айтқанда, сүт безі обыры бойынша 40-70 жас аралығындағы әйелдер, жатыр мойыны обыры бойынша 30-70 жас арлығындағы әйелдер, колоректальды обыр бойынша 50-70 жас аралығындағы тұрғындар тексеруден өте алады. Скринингтен өту үшін тұрақты мекенжайы бойынша тіркелген емханаға баруы тиіс, - дейді ООД ұйымдастыру әдістемелік, скринингтік бөлім меңгерушісі Әйгерім Агилаева.
Сонымен қатар биыл облыстық диспансерде 10-нан аса ашық есік күні өткізілді. Онда тұрғындарға онкология жайлы ақпараттар айтылып, тұрғындар дәрігердің қаралуынан өте алады. Нәтижесінде 1 616 адам медициналық көмек пен кеңеске жүгінді. Оның ішінде 32 қатерлі ісік, 66 ісік алды және 72 басқа да аурулар бойынша есепке алынды.