Маңғыстау облысында биыл 16 қарашаға дейін қызылша ауруына 2082 күдікті жағдай тіркелді. Оның ішінде 1096 жағдай дәлелденген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша Ақтау қаласында - 444, Жаңаөзенде - 892, Түпқарағанда - 78, Маңғыстау ауданында - 67, Қарақия ауданында - 147, Мұнайлыда - 440, Бейнеуде - 14 науқас қызылшамен ауырған.
- Жалпы облыс көлемінде қызылшаның 2082 күдікті жағдайының ошағында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Нақтыланған 1096 жағдайдың жас бойынша талдауында 1 жасқа дейін 181 жағдай (16,5%), 1 - 14 жас - 726 (66,2%), 15-18 жас - 28 (2,5%), 19 жас және одан жоғары – 161 (14,6%) жағдай тіркелді. Облыс көлемінде 1 жастағы балалардың егумен қамтылу деңгейі 85 %, ал 6 жастағы балаларда бұл көрсеткіш 87,7% құрады. Қосымша жаппай иммундау бойынша облыста егілуге жоспарланған контингенттер саны – 55 029. Атап айтқанда 6 ай - 10 ай 29 күнге дейінгі балалар саны – 14 300. 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар саны – 36 950, оның ішінде 2 жас – 4 869, 3 жас - 16 845, 4 жас - 15 236 бала. Ал 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерінің саны – 3779, - деді Бердібек Саралтаев.
Сонымен қатар, брифинг барысында Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева, облыс көлеміндегі ауруханлардың жұқпалы бөлімдерінде 118 науқас, олардың 84-і балалар, 34-і ересектер, оның ішінде 8 жүкті әйелдер екенін жіктеп атап өтті.
- Қызылша ауруы, өте жылдам, ауа-тамшы жолымен таралатын парамиксовируспен шақырылатын, теріде бөртпелердің шығуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Негізінен екпемен қамтылмаған немесе ағзада қажетті иммунитет қалыптаспағандарда аурушаңдық дамиды. Сонымен қатар, жүкті әйелдер өз денсаулығына аса мән беруі тиіс. Өйткені бұл аурудың нақты емі болмағандықтан парамиксовирус жаңа қалыптасып келе жатқан ұрықтың дамуына кері әсер етеді, тіндерін зақымдайды. Жұқпалы дерт салдарынан іштегі нәрестеде туа бітті ақаулар болуы әбден мүмкін. Ауруға қарсы екпе алмаған жандар да бұл аурудын зардабын шегеді, негізі ми жасушаларының қабынуы - энцефалитпен асқынады. Ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, әлсірейді, бас аурып, ұйқысы қашады, құрғақ жөтел басталып, 3-8 күнге дейін бөртпелер шыға бастайды. Бөртпелер, қан тамырларының жарылуынан пайда болады. Бөртпелер дененің жоғарғы жағынан төмен қарай төгіліп шығады. Тұрғындарды екпе алуға және сақтық шараларын сақтауға шақырамын. Басқарма өз тарапынан тағы да 5000 доза қосымша қызылшаға қарсы вакцинаға біріңғай дистрибьютор «СК Фармация» ЖШС ұсыныс берілді, - деді Бибізада Дүйсенбаева.