Mangystaumedia.kz сайты су тасқыны салдарымен күресуде Маңғыстау облысы тарапынан атқарылып жатырған жұмыстарға шолу жасады.
7 сәуір күні «Өзенмұнайгаз» АҚ және өзге де құрылыс компанияларының отыздан астам техникасы Құлсары қаласындағы су тасқыны қаупі бар аймақтарда бөгет салу жұмыстарын жүргізді. 15 такси мен 20 автобус зардап шеккен ауыл тұрғындарын Маңғыстауға жеткізген.
Құлсарыға 7 көлікпен 10 тонна азық-түлік жөнелтілді.
8 сәуірде маңғыстаулық меценат, облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Керелбаев Құлсары қаласына 2 мың нан, сүт пен балаларға арналған жөргектер жіберді.
8 сәуірде зардап шеккендерді Маңғыстаудағы дәріхана желілерінің иелері мен жеке кәсіпкерлер құны 1 миллион теңгеден асатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Аса ауыр дерт тіркелген жағдайға Маңғыстау облыстық ауруханасы 50 төсек дайындады.
8 сәуір күні Құлсары қаласының 1200 тұрғыны арнайы пойызбен өңірге келді.
8 сәуірде Құлсары қаласынан эвакуацияланғандардың бір легі Жаңаөзенге келді. Атыраулықтар «Каспий педагогикалық және индустриялық технологиялар колледжіне» орналастырылды.
Сәуірдің 8-і күні Ақтау қаласындағы No10 мектеп оқушылары ерікті ретінде мектеп жанына киіз үй тігіп, азық-түлік жеткізуге үлес қосты.
8 сәуірге дейін Маңғыстау облысына Атырау облысы Жылыой ауданынан 18 мыңға жуық тұрғын келді. Олардың көпшілігі Бейнеу ауданындағы Бейнеу, Боранқұл ауылдарына, Ақтау қаласына орналастырылды.
Сәуірдің 9-ы күні Ақшұқыр ауылындағы Маршал Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Нұрасыл Игілікұлы су басқан Құлсары қаласына көмектесу үшін жинап жүрген ақшасын ауылдың белсенді азаматтарына тапсырған.
10 сәуір күні Маңғыстау облыстық қуыршақ театры атыраулық балалардың көңіл-күйін көтеру мақсатында 17-шағын аудандағы Ш.Есенов атындағы университеттің жатақханасына барды.
10 сәуірде Құлсары қаласындағы бөгетті қалпына келтіру, құм қаптарды төсеу жұмыстарына 99116 әскери бөлімінің 157 әскери қызметкері мен Маңғыстау облысы аумақтық қорғаныс бригадасының 163 сарбазы да жұмылдырылды.
11 сәуірде Маңғыстау облысынан теміржол арқылы 10 бірлік арнайы техника жөнелтілді.
11 сәуірде Ақтаудағы Ассамблея ғимаратында ашылған штаб жұмысына егде жастағы тұрғындар да қосылды. Гуманитарлық көмек жинауға 100-ден астам ерікті қатысты. Штаб 34-шағын аудандағы Достық үйінде сағат 9.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.
12 сәуірде Маңғыстау аумақтық қорғаныс бригадасына запастағы 163 әскери қызметші шақырылып, су басқан Құлсары қаласына жөнелтілді.
13 сәуірде Маңғыстауда су тасқынынан зардап шеккендерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қоғамдық штаб жұмыс істей бастады. Медициналық көмек алу үшін 8(7292) 30-30-60, 8775-877-62-59 телефондары бойынша өңірлік call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.
13 сәуірде Маңғыстау облысындағы 28 білім беру нысаны Атырау облысынан эвакуацияланған тұрғындарды қабылдады.
13 сәуірде ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Атырау облысынан эвакуацияланған тұрғындармен кездесті, Қарақия ауданындағы эвакуациялау пункттерінде, №19 мектеп-гимназиясында және Ақтау қаласындағы гуманитарлық көмек қабылдау пунктінде болды.
Сәуірдің 14-і күні Жаңаөзендік мұнайшылар Құлсары мен Жылыой елді мекендерінде бөгет салып, су арналарын бұру үшін тәулік бойы жұмыс істеді. Көмекке келген бірінші топтың орнына серіктестіктің әртүрлі бөлімшелерінен 21 жұмысшы барды.
14 сәуірде Svevind Energy Group су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін 50 000 еуро жіберді. Қаражат «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылды.