Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Атырау облысының тұрғындарына көмекке келген Маңғыстау облысының дәрігерлерінің жұмысын атап өтіп, медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Апатпен күресудің осы қиын күндерінде барлық қызметтер уақытпен және жағдаймен санаспай, адамдарға көмек көрсетуде. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшы Бекболат Ізбасаров бастаған ұжымға өзім атымнан және Денсаулық сақтау министрлігінің атынан жеке ризашылығымды білдіремін. Үлкен су тасқыны болып жатқан көрші Атырау облысының зардап шеккен тұрғындарына баға жетпес қолдау көрсетіп жатқан Маңғыстау облысының медицина қызметкерлеріне зор алғыс айтамын», деп жазды Министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар Министр аудандық ауруханалардың дәрігерлері үлкен жұмыс атқарып жатқанын айтып өтті.
«Бейнеу аудандық ауруханасының бас дәрігері Берік Абдуллаев, құрамында хирургтар, терапевтер, психологтар бар штаб мүшелері Боранқұл ауылдық ауруханасына және сол жерде орналасқан білім беру мекемесіне барып, науқастардың денсаулық жағдайын қарап, психологиялық қолдау көрсетті», деді ол.
Эвакуацияланған тұрғындар барлық қажетті медициналық көмекті Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығындағы көпбейінді ауруханада, облыстық балалар ауруханасында алып жатыр.
«Бүгінгі таңда осы сынақта бір-біріне істерімен, жылы сөздерімен қолдау көрсету, жалпы қиындықты тезірек жеңу өте маңызды. Дәрігерлер де құтқарушылармен қатар төтенше жағдайда қызмет атқаруда, сондықтан оларға қажырлы еңбегі мен жоғары парыз сезімі үшін алғыс айтуды ұмытпайық», деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.