Маңғыстаудың Қарақия ауданы жерінде жасыл сутегі өндірісі бойынша Hyrasia Оne жобасын әзірлеуші Svevind Energy Group компаниясы Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 50 000 еуро жіберді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қаражат "Қазақстан Халқына" Қоғамдық қорына аударылды.
"Қазақстанмен тығыз байланысы бар компания ретінде біз осы жағдайға бей-жай қарамай, қол ұшымызды созғымыз келді. Өкінішке орай, су тасқынының зияны мен салдары біздің де басымыздан өтті", - деді Svevind Energy Group басшысы Вольфганг Кропп.
Ол өз үндеуінде, көрсетілген қолдау өңірлерде болып жатқан жағдайға оң әсер етеді деп үміттенетінін атап өтті.
Сондай-ақ Ақтаудағы Hyrasia Energy еншілес компаниясының қызметкерлері Атырау облысында зардап шеккендерге тікелей және жедел көмек көрсету үшін қажетті тауарлар мен жабдықтарды сатып алу түрінде жәрдем көрсетеді. Осыған байланысты "Аманат" партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаевпен кездесу өтті. Кездесу қорытындысы бойынша партия тарапынан сатып алынған гуманитарлық жүкті тасымалдауға жәрдемдесуі туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, аталған неміс компаниясы Маңғыстау облысының Қарақия ауданы жерінде ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Өткен жылы жазда «жасыл» сутегі өндіретін зауыттың құрылысы аясында Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсімі Құрық жағалауында өткен болатын.
Жоба жүзеге асқан жағдайда, Маңғыстауда жалпы қуаты 40 ГВт болатын күн және жел станцияларын салу жоспарланып отыр. Бұл жылына 2 млн тоннаға дейін «жасыл» сутегі немесе 11 млн тонна «жасыл» аммиак өндіруге мүмкіндік береді.