Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау және балық шаруашылығы салаларындағы кешенді жоспарды орындауға байланысты негізгі мәселелер қаралды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың айтуынша, биыл денсаулық сақтау бойынша өңірді кешенді дамыту жоспарына сай 12 маңызды іс-шараны орындау жоспарланған.
Осындай іс-шаралардың бірі - Ақтау маңындағы Рауан тұрғын алабында жұмыс істейтін, ауысымда 50 адам қабылдауға арналған медициналық амбулатория құрылысы. 2022 жылы жеке инвестордың қолдауымен құрылысы басталған нысан биыл пайдалануға берілді.
2023 жылға арналған медициналық амбулаториялар салу жоспарына сәйкес жеке инвестициялық жобалардың аясында С. Шапағатов ауылында медициналық амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласының Ақбұлақ шағынауданында медициналық амбулатория құрылысын аяқтау үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.
Осы орайда Мұнайлы аудандық орталық аурухананың құрылысы 2024 жылдың соңында аяқтау және пайдалануға беру көзделіп отыр.
Ақтаудағы 34 "А" шағынауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы ауысымына 300 келушіге арналған емхана салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобалық құжаттаманы әзірлеуге конкурс өткізу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.
Бұдан басқа дамудың кешенді жоспарына сәйкес Бейнеу ауданы Тәжен ауылында және Қарақия ауданы Аппақ ауылында медициналық пункттер салу жобаларын әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.
Нұрлан Ноғаев халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға баса назар аудару керек екенін айтты.
- Ауруханалар мен емханалардың құрылысын бақылау - қоғам алдындағы міндетіміз. Ауруханалар мен емханалар салу - жәй ғана ғимарат салу емес, бұл тұрғындардың ауыл не қалада өмір сүретініне қарамастан денсаулығы мен болашағына инвестиция салу деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына соңғы Жолдауында медициналық инфрақұрылымды, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы аталған кешенді жақсартуға ерекше назар аударуды айтты. Президент сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы резидентурада оқуға арналған гранттар санын келесі жылдың басынан бастап үш жыл ішінде 70%-ға арттыруды тапсырды. Бұл шаралардың барлығы ұлт денсаулығын жақсартуға бағытталған, - деді Нұрлан Ноғаев.