Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасы Болат Төкежанов ПТР-тестілеуден өтуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«ПТР-тестілеу, яғни коронавирус инфекциясына тексеруден өту медициналық көрсеткіштер бойынша ЖРВИ белгілері мен вирусты пневмония болғанда Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен жүргізіледі. Ауруханаға жоспарлы жатқызу, емдеуге жатқызғанға дейінгі тексеруде ПТР-тестілеу Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры активтері есебінен төленеді», - деп түсіндірді Төкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, мобильді бригаданы шақыру кезінде көрсеткіштер бойынша ПТР-тестілеуді жүргізу ақысыз жасалады.
«Жалпы, биылғы наурыздан шілде айы аралығында жарты миллионнан астам ПТР-зерттеу жүргізіліп, оның барлығы медициналық сақтандыру қаржысы есебінен өтелді», - деді Болат Төкежанов.