Тұрмыс құрып, «ана» атанған Маңғыстау әйелдерінің Роза Әбілхайырқызын танымайтыны жоқ шығар. 40 жылдан бері аналардың денсаулығын тексеріп, дүниеге дені сау бала келуінің қамын жеп келе жатқан ол көптеген жерлестеріміздің кіндік шешесі де. Қазақшасы келіспей, тілін бұрап, «дәрігерлер орысша оқиды» дегеннің жетегінде жүргенкейбір ақ желеңділер құсап, түсінген-түсінбегеніне қарамастан орысша сайрап қоя бермей, қазақ тілінде жатық сөйлейтін Роза Баданованы оның алдына барған барлық әйел жақсы көріп кеткен. Әйелдер кеңесінде оның кабинетін арнайы іздеп, соның қарағанын қалап жүрген келіншектерді талай көрдік. Көптен келе жатқан ардагер дәрігерлердің арасында қазақылығымен ерекшеленетін Роза бұл тәрбиені өзі туған өнегелі шаңырақтан алып, тал бойына сіңіріп өскен. Оның әкесі Әбілхайыр Бегебаев сонау 50-жылдары Маңғыстау ауданына Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтын бітіріп, жолдамамен келген ілкі жас мамандардың бірі еді. Маңғыстаудағы алғашқы ветеринарлық зертхана менгерушісінен бастап, Тұщыбек колхозы басқармасының төрағасы, Қызылөзен, Ақшұқыр асыл тұқымды түйе совхоздарының директорлік қызметін атқарған кісі. Маңғыстау мен Атырау өлкесіне танымал, ауылшаруашылық саласының еңбек ардагері. Зиялы отбасынан шыққан Роза Әбілхайырқызы1973 жылы орта мектепті бітірегеннен кейін дәрігер болсам деген балауса арманының құшағында Ақтөбе қаласына жол тартты. Мектеп қабырғасынан алған жақсы білімінің арқасындаосындағы мемлекеттік медициналық институтқа оқуға түсті. Алты жылдан кейін қолына акушер-гинеколог мамандығын оқығандығы туралы дипломын алып, туған өлкесіне дәрігерлік қызмет атқаруға берілген жолдамамен келеді де,Маңғыстау облыстық перзентханасына дәрігер болып орналасады. Бұл 1979 жыл болатын. Содан көп ұзамай Ақтау қалалық емханасының әйелдер ккеңесінде 30 жыл аймақтық акушер-гинеколог, кейін әйелдер кеңесібөлімінің меңгерушісі лауазымдарын абыроймен атқарды.Ал Ақтау әйелдеріоны біліктілігі мен қызметіне адалдығы үшін жақсы көріп, ыстық ықыласқа бөледі. Роза Әбілхайырқызы күндіз емханада жұмыс істей жүріп, сол кездегі облыстық перзентханада түнгі кезекшілікте акушер-гинеколог қызметін қоса атқарып, әйелдерді босандырған. Ана мен бала денсаулығын қорғауға аса жауапкершілікпен қараған ыждағатты дәрігер медициналық көмек көрсету қызметі сапасының артуына үлесін қоса білді. Осы жылдар ішінде Роза Әбілхайырқызының бастамасымен «жүктіліктің мезгілсіз үзілуі қауіптігі» кабинетін жасақталып, қала бойынша көптеген түсік немесе күніне жетпей босану қаупі бар жүкті әйелдерді арнайы қабылдауға есепке қойып, диагностика мен емдеу терапиясын өзі жүргізіп отырғанын атап өтпеуге болмас. Оның бақылауында болған жүкті әйелдер арасында мезгілінде босану 85% жеткізіліп, бұл перинаталды өлім көрсеткішінің азаюына ықпал етті. Жұмысты шын ниетімен атқарып, халқының өсіп-өркендеуі жолында аянбайтынын адамның аз да болса өзіндік жетістігі болмақ. Розаның қазақ әйелдерінің денсаулығын жақсартуға қосқан тағы бір үлесі—оның бастамасымен және тікелей қатысуымен әйелдерде болатын онкологиялық арулардың алдын алу мақсатында «жатыр мойыны патологиясы» кабинетінің ұйымдастырылуы. Бұл аурудың әйелдер денсаулығы үшін аса маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Осы кабинетке тек Ақтау қаласының әйелдері ғана емес, облыстың барлық аудандары мен ауылдарынан зерттеуге арнайы келетін әйелдер ағылып жатты. Сөйтіп, Р.Баданова кабинетте бірнеше мыңдаған әйелді қабылдап, олардың онкология ауруына шалдықпауы үшін алдын ала емдеу шараларын жасады. Бүгінде жүргізіліп жатқан скрининг жұмыстары осылайша бастауалған еді. Ол әйелдер кеңесінің меңгерушісі қызметін атқарған жылдары ана өлімі жөніндегі көрсеткіштер төмендеген болатын. Сол жылдары қазіргідей денсаулық сақтау министрлігінде жасақталған емдеу диагностика протоколдары әлі енгізілмеген болатын. Соның өзінде емдеу диагностикалық протоколдарға ұқсас жоспарлар жасақталып, жүктілік кезінде күтілетін асқынулар, әсіресе жүктілікке байланысты емес аурулары бар жүкті әйелдерге жүктілікті әрі қарай жалғастыру мүмкіндігі бар екендігін анықтайтын консилиум ұйымдастырылғанның арқасында ана өлімінің көрсеткіштері анағұрлым төмендеді. Сонымен қатар жүктілік кезінде есепке ерте тұру 12 аптаға дейін, уақытылы босану, экстрагениталді аурулардың алдын алу, алғашқы анықталған экстрагениталді ауруларды диагностикалау көрсеткіштері жақсарды. Медициналық қызмет көрсету шараларын тиімді ұйымдастырғыш дәрігердің мүмкіндігі мен жұмыс тәжірибесін ескерген денсаулық сақтау басқармасының басшылығы оны 2009 жылы Ақтау қаласының орталығындағы ІІІ деңгейдегі облыстық перинаталдық орталығына директордың ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырды. Күні бүгінге дейін осы қызметін атқарып келе жатқан ол 40 ішінде өзі кіндік шеше болған қыздардың денсаулығы жолында жүр. Жар сүйіп, ұл-қыздың қызығын көріп отырған бақытты отбасының ұйытқысы да. - Биыл менің медициналық еңбек жолымды бастағаныма аттай 40 жыл толды. Бұл жылдар тәжірибе жинақтап, ой түйіндеуге аз мезгіл емес. Кәсіби мамандығым ана мен бала денсаулығын қорғау болғандықтан айтпақ пікірлерім де солар туралы. Нәрестенің ана құрсағында пайда болуымен жарық дүниеге келу физиологиясы адам қолымен істелмейтін, барлық дәуірлер мен кезеңдерде бірдей ғажап құдірет құбылыс. Бірақ сол тепе-теңтілікті бұзатын күштер, себептер әр замандарда да болған. Сол әсерлердің ең күштісі осы кезеңде ме деп ойлап қаламын, - деп мұңаяды Роза Әбілхайырқызы. Дүние есігін ашатын әрбір нәресте мен әр ана үшін жаны ауыратын кіндік шешені біздің ғасырға ғана тән «жүктіліктің дамымауы» деген мәселе алаңдатады екен. Оның айтуынша, дамымаған жүктілік ана үшін психологиялық-эмоциялық ауыртпалықтармен қатар жатыр аппаратына, оның ішкі кілегей қабықшасының морфологиялық структурасы құрылымының бұзылуына апарып соқтырады. - Келесі жүктілік біткенде жатырдың бұзылған жеріне патологиялық жағдайда, бала жолдасының орналасуы, бала жолдасының тамырларының жатыр қалыңдығына енуі, өте терең өсуі немесе өте тайыз орналасуы кейін тамырдың мезгілсіз үзілуіне, жатыр қабырғаларынан қан кетуге әкеледі, - деп сөзін жалғайды тәжірибелі маман. - Немесе шарананың өсіп-дамуына қажет қан айналысы жылдамдығының төмендеуіне, нәрестенің салмақ көрсеткішінің мерзіміне сәйкес келмеуіне, тіпті шарананың құрсағында дамуына тоқтауына дейін апарады. Мұндай асқынулар ана өміріне тікелей байланысты. Менің еңбек жолымның алғашқы кезеңдері, яғни өткен ғасырдың 80-90 жылдары ондай аталған патология кездеспейтін. Әсіресе, жүктіліктің бірінші үш айында мүлдем болмайтын. Бұл аздай, заман өзгерісіне тікелей байланысты туындаған жайтардың бірі—адам ағзасына зиян тигізіп жатқан «жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулар» деген түсінік тағы қосылды. Әр кезеңнің өз жұқпасы бар дегендей, менің заманымда тек трихомоноз бен гонорея болса, қазір бірнеше ондаған вирус түрлері тіркеліп отыр. Жүктіліктің дамымай қалуы көбінесе 5-12 аптасына, одан аздау 12-22 апталығы аралығында тіркеліп жатыр. Орта есеппен әрбір күніне жетіп аяқталған жүктілікке 1:3 жетіспеген жүктілік сәйкес келіп отыр. Бұл, өкініше орай, өте төмен көрсеткіш. Бірінші- екінші сәтсіз аяқталған жүктілік, әйелдің келесі жүктілігінің сәтті аяқталуының болжамы 50% болып тұр. Бұдан да ары қарай кезекті асқыну - екінші бедеулік әйел адамдармен қатар ер азаматтар үшін де болып жатқан жағдай. Менің еңбек жолдарымның алғашқы кезеңдерінде ер адамдар бедеулігі тек 15% болса, қазір 50%-дан асып бара жатыр. Іштегі шарананың нерв-жүйке, қан тамыр-жүрек сияқты ағза мүшелерінің қалыптасу кезеңдерінде вирустың әлегі туа біткен ақаулықтарға келіп соқтыруда. Иә, медицина қарыштап дамыған сайын ауру түрлері де көбейіп, аурушаң, мүгедек перзентін бауырына алып, іштен тынып отырған отбасылар қатары кемімей келе жатқаны ешкімге де жасырын емес. Ал қырық жылдан бері аналарға аналық мейірімін төгіп, аялы алақанын тосып келе жатқан Роза Баданова өзі әңгімелеп отырған патологияны барша жұрт, әсіресе, ер азаматтар, тұрмыс құрған жастар біліп, түсініп, мойындап, оның зардабын түсіндіру үшін барын салып жүр. Жастардың бір-біріне жұғып жатқан түрлі вирустар үшін тек қыз-келіншектерді, яғни баланың анасын кінәлай беруге болмайтынын талмай айтып келеді. Ата-ананың біреуін ғана кінәлі деп қабылдаған жас шаңырақтардан береке кетіп, ойран болып жатқаны қаншама... - Жүктілік кезеңінде байқалған патологиялар болса, оған жеңіл-желпі қарамау керек. Ер азаматтар жағдайды түсініп, жолдасымен бірге қатар тексерілуі, ем-шараларды уақтылы қабылдауы маңызды. Емдеу жолы бір кезең емес, екі-үш кезеңнен тұратынын, қайтадан бақылау-тексерістер қажет екенін түсінген дұрыс. Сонымен қатар, әйел ағзасының дамымай қалған жүктіліктен кейін келесі жүктіліктің ара қашықтығын сақтау ережелері, келесі жүктілікке дайындық кезеңдері тағайындалады, - дейді дәрігер. Сондай-ақ ол мұндай жағдайға бүкіл отбасы мүшелері, үйдің үлкендері, жастардың анасы мен енесі де осы тақырыпта үнемі ашық әңгімелесу қажет екендігін және байқалған ауру белгілерін бірінен бірі жасырудың соңы жақсы емес екенін жалықпастан айтып, шырылдап жүр. Өйткені, оның ойлағаны-өмірге келер әр баланың қамы, еліміздің болашағының берік болуы.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА