Балалар жүрегін тербеп, көңілін шалқытар Маңғыстау облыстық қуыршақ театры 39-маусымының шымылдығын түрді. Маусымашар театр режиссері Надежда Насырованың «Күнше» атты спектаклімен бастау алды. Театрдың ең үздік туындыларының бірі – «Күнше» балаларға берер тәрбиесі зор қойылым. Зұлымдық пен мейірімділік қатар жүретін заманда жақсы мен жаман қасиеттердің арты неге әкеліп соқтыратынын паш ететін спектакль балалардың көңіліне ой салып, жүрегіне мейірімділік ұялатады. Маусымашарда әртістер қуыршақтарға жан бітіріп, қойылымды жоғары шеберлікпен ойнап, кішкентай көрермендердің қошеметіне ие болды. Жаңа леппен, жаңа серпінмен жұмысын бастаған Маңғыстау қуыршақ театрының қоржынында 80-нен астам қойылым бар. Кәсіби білімі жоғары, шеберлігі мықты әртістер қазақ және орыс тілдерінде бірдей өнер көрсетеді. Олар жыл сайын шеберлігін шыңдап қана қоймай, шығармашылық жетістіктерге жетіп, биік белестерден көрініп жүр. Биыл да театр олжалы болған. «Чуваш Республикасындағы Чебоксары қаласында қуыршақ театрларының арасында «Веселый карусель» атты үлкен халықаралық фестиваль өтті. Оған Ресей, Германия, Корея, Жапония сынды дүниенің түкпір-түкпірінен келген ірі мемлекеттер қатысып, 24 спектакль сахнада қойылды. Біз «Күнше» спектаклімен қатысуға бел будық. Халықаралық дәрежедегі өнер сыншылары сахна төрінде көрсетілген спектакльдерге ғана баға қоймай, әртістердің қуыршақтарды жүргізу шеберлігіне, қимылдарына, дауысына, киімдеріне, тіпті режиссердің қойылымды қалай қойғанына дейін зерттеп, пікірлерін білдіріп, талқылады. Сыншылардың төрағасы – Израильдің театр сыншысы Виктор Шрайман болды. Біздің қойылым осы өнер сыншыларының жоғарғы бағасын алып, «Жоғары көркемдік орындау шеберлігі» дипломымен марапатталды. Сондай-ақ фестивальде кең көлемдегі форматта семинар форум өткізілді. Оған театрдың 7 маманы қатысып, кәсіби біліктілігін арттырып, әртістік шеберлігін шыңдап, сертификаттарға ие болды», – дейді Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының директоры Фарида Атакеева. Мамыр айында театр ұжымы Молдова елінде өткен фестивальге қатысып, толағай табысқа қол жеткізді. 10-нан астам театр қатысқан байқауға Маңғыстау қуыршақ театры режиссер Н.Насырованың «Айжан әжейдің ертегісі» атты спектаклін қойды. Фестивальдің әділқазылары қойылымға оң бағасын беріп, театр қоржынына қос марапат салды. Ұжым «Үздік спектакль» номинациясында жеңіске жетсе, басты рөлді сомдаған театр актрисасы Бану Түстікбекова «Үздік актерлік шеберлігі» номинациясына қол жеткізді.
Ханым ҚУАТ