Кеше Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысты. «Міне, бізге 19:50-де Шамалған маңында осындай жағдай болды деп хабар келіп түсті. Оқиға орнына дереу шықтық, дәл қазір жолдамыз. Бізге түскен мәлімет бойынша жолаушы пойызы автобусты қаққан. Бірақ оқиға қалай болды, нақты ақпарат қолымызда жоқ. Барып анықтаймыз», - деді Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев. Бейнежазбада шлагбаум алдында көліктер ұзын-сонар кезекте тұрғанын көруге болады. Осы сәтте жолаушы пойызы келіп автобусты қағады. Видеода адамдардың жанұшыра дауыс шығарып, айқайлап жатқанын естуге болады. https://www.youtube.com/watch?v=_CVtdQlzj1o Автобус пен пойыздың соқтығысуы салдарынан бір адам мерт болып, 3 адам жансақтау бөлімінде жатыр. «Кеше 19 сағат 30 минутта «Алматы–Қостанай» бағытына қатынайтын пойыз автобуспен соқтығысты. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болды. Тағы үш адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Оның екеуі бала, біреуі әйел адам. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-ші тармағына сәйкес тергеу жүріп жатыр», - деді облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Незнаев. Оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды. «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Алматы облысының «Алматы–Отар» учаскесінің «Ақсеңгір-Шамалған» жол өткелінде 2019 жылдың 15 қыркүйегінде 19 сағат 08 минутта болған жол-көлік оқиғасын тергеу бойынша арнайы комиссия құрды. Күзетілетін өткелде №43 «Алматы – Қостанай» Жолаушылар пойызы №456 «Алматы-Қаскелең» рейстік «Setra» маркалы автобусымен соқтығысты. Комиссия құрамына Көлік комитеті мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері кірді. Комиссия мүшелері оқиға орнына шықты» делінген аталған ведомствоның таратқан ақпаратында. Болған апаттың қалай болғанын жолаушылардың бірі айтып берді «Барлығымыз шуладық, есікті аш деп шырылдадық. Көзі байланып қалды. Құдай көріп тұр. Пойыз келе жатыр. Бәріміз ішіндеміз, шырылдадық. Есікті ашпады. Мен артында отырдым. Автобус адамға толы болды. Көліктің алдында да, артында да кептеліс болды. Ол жерде шынымен шығатын жер жоқ. Автобус жүргізушісі есікті ашпай отырды. Енді ол қайтыс болды. Бірақ шыны керек, оның көзі байланды. Мына жерге көпір керек. Мен Жамбыл ауылынан вокзалға бара жатқанмын. Қаскелең жақтан келе жатқанмын. Бізге көпір керек бұл жерге. Өмірі көпір саламыз дейді, салмайды», деді өзін куәгер, әрі автобустың ішінде болған жолаушының бірімін деп таныстырған Қайратбек Қалдықұлов. https://www.youtube.com/watch?v=4yb0IV9jOHA «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Алматы облысындағы Шамалған стансасында жолаушылар автобусымен пойыздың соқтығысуы туралы толыққанды ақпарат берді. «2019 жылдың 15 қыркүйек күні 19 сағат 08 минутта Алматы жол бөлімшесінің «Ақсеңгір – Шамалған» учаскесінде №43 «Алматы-Қостанай» Жолаушылар пойызы (жеке тасымалдаушы «Турксиб-Астана» ЖШС) автобуспен соқтығысты. Оқиға 4028 шақырымда орналасқан күзетілетін-реттелетін өтпеде болды. №43 жолаушылар пойызы өткелге жақындағанда сигнал беру құрылғылары автоматты түрде іске қосылды. Дыбыстық сигнал қосылды, өту бағдаршамдарының қызыл шырағы жанды. Шлагбаум өткелде тұрған автокөліктің салдарынан соңына дейін түспеген», - деп хабарлады Ұлттық компанияның баспасөз қызметі. ҚТЖ-да атап өткендей, өткел кезекшісі жолаушылар пойызын тоқтату үшін тосқауыл бағдаршамын іске қосу бойынша шаралар қабылдаған. «№43 жолаушылар пойызының машинисі шұғыл тежеуді қолданды, бірақ аз қашықтықтан соқтығысудың алдын ала алмады. Соқтығысу кезінде автобус жол жиегіне шығып кетті. Бірақ, KZ4AC-0010 электровозы рельстен шығып кетпей, бүлінген. Зардап шеккендер бар, саны нақтылануда. №43 пойыз электровозды ауыстырғаннан кейін 01 сағат 38 минутқа кешігіп жолға шықты, пойыз жолаушылары арасында зардап шеккендер жоқ», - деп атап өтті ҚТЖ. Бұл жағдайды тексеру үшін »ҚТЖ«ҰК» АҚ-да арнайы комиссиясы құрылды. Қасым-Жомарт Тоқаев жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты. «Алматы обл. Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде поезд автобусқа соқтығысты. Автобуста 67 адам болған. Бір адам көз жұмды, жарақат алғандар бар. Туған-туыстарына көңіл айтамын. Тергеу жұмысы басталды» делінген хабарламада. Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. «Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 344-бабының 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Орын алған жағдайдың себебі мен мән-жайын анықтау мақсатында ҚР ІІМ мен ҚР ИИДМ қызметкерлері есебінен комиссия құрылып, оқиға орнына жіберілді», - делінген хабарламада.
Дереккөз ҚазАқпарат