Ақтаудағы Достық үйінде осындай тақырыппен этно-мәдени бірлестіктер өкілдері бас қосқан қызықты шара өтті. Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі ретінде, «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру бойынша ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын ел ішінде кең ауқымда насихаттап, оның маңыздылығын арттыру, этно-мәдени бірлестіктер арасында қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, қоғамда адамгершілік қасиеттер мен бірлікті қалыптастырып, халық өнегесін дәріптеуге арналған бұл шара сайыс түрінде ұйымдастырылды. Ортаға қазақ ауылын бейнелейтін сахна іспеттес киіз үй құрылып, іші көрпе-төсек, текемет, алаша, сандық, домбыра секілді ұлттық бұйымдармен жабдықталған. Дастархандар қазақтың ұлттық тағамдарына толы. Абыройлы ауыл ақсақалы Абай ата шаңырағында өткелі отырған үлкен мереке қазақы салт-дәстүрмен бейнеленді. Шара барысында Абай атамыз Бейбіт есімді немерелі болып, соның өмірге келуінен бастап шаңырақ көтергенге дейінгі өмірінде болатын қуанышты сәттеріне байланысты салт-дәстүрлерді өзге ұлттар өкілдері қисынды көрсете білді. Бұл көріністердегі рольдерді облыстағы жиырма ЭМБ өкілдері 4 ауылға бөлініп, рет-ретімен ұсынды. Яғни «Келісім» аулының бесікке салу, «Бейбітшілік» аулының тұсау кесу «Бірлік» аулының құда түсу және «Ынтымақ» аулының беташар дәстүрлерін көрсетуі әсерлі болды. Ұлттық салт-дәстүр көріністерін тамашалаған этномәдени бірлестіктер өкілдері, өңірлік «Жаңғыру жолы» жастары, облыстық Ассамблеяның журналистер клубының мүшелері, аналар кеңесі, ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы, ауылдың белсенді ақсақалдары мен әжелері ризашылықтарын білдірді. – Бүгінгі бас қосу Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру бойынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы және ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Қазақстан халқының тілдері күні аясында ұйымдастырылды, – деді Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина. – Ал жобаның басты мақсаты – Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеу. Сондай-ақ этнос түріне қарамастан, қазақстандықтардың ортақ мәдени коды – біртұтас құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи сана негізінде халықтың бірлігін нығайтуды көздейді. Байқау соңында қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталып, қазақи үлгідегі ескерткіш сыйлықтар табысталды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА