Медициналық сақтандыру жүйесі енгізуге дайын
[ 2019 ] 8 қыркүйек, 05:40 | Қоғам
«Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде басымдықтар тізімін жасап, соның негізінде бюджеттен қаржы бөлуі қажет.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады.
Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.
Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді.
Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет. Біздің қателесуге құқымыз жоқ»
(Қазақстан Республикасының
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның
тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі»
атты Қазақстан халқына Жолдауынан)
Бақыт ИСМАХАНБЕТОВ,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
коммерциялық емес АҚ Маңғыстау филиалының директоры:
Расында да, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2020 жылдан бастап азаматтың тексеру мен диагностикаға, денсаулықты сақтауға және аурулардың алдын алуға жұмсалатын қалта шығындарының қомақты үлесін өз мойнына алатын болады. Әсіресе бұл ағзаның компьютерлік, магнитті-резонанстық және позитронэмиссиялық томографиясы сияқты зертханалық-аспаптық зерттеулерінің қымбат тұратын әдістеріне, плазмалық-тізбекті реакция, аутоиммундық аурулардың иммунофлуоресценттік, иммунофенотиптеу секілді әдістерге қатысты. Қор медициналық оңалтумен қатар азаматтарды қымбат тұратын, жоғары технологиялық әдістермен емдеу үшін ақы төлеуді өз міндетіне жүктеді. Ал мұндай ем-шаралар үшін шығындалатын қаржы көлемі келесі 3 жылда он есеге артады. Егер кейбір жоғары технологиялық операциялардың құны бірнеше жүз мыңнан он миллион теңгеге дейін ауытқитынын ескерсек, онда МӘМС жүйесін қазақстандықтардың күнделікті өміріне енгізудің маңыздылығы арта түседі. Бір сөзбен айтқанда, МӘМС енгізу – еліміздің қарапайым азаматтарын әлеуметтік қорғау ісіндегі тағы бір маңызды қадам.
Маңғыстау медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге толық дайын. Жақында облыс әкімінің орынбасары Қ.Жұмашевтың төрағалығымен өңірлік штаб отырысы өтті. Онда облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңір тұрғындары, сондай-ақ техникалық база мен медицина қызметкерлері медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге жүз пайыз дайын екендігі туралы есеп берді. Біз Президент Жолдауында мәлімдегендей, реформаларды іске асыруға мұқият дайындалудамыз.
1091
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.