Жаңа технологиялар бізге ақпарат әлемінде жаңа мүмкіндіктер ашқаны сөзсіз. Үй іші, таныс-тамыр арасынан бөлек, ел, әлем көкжиегіндегі түрлі жаңалықтармен алмасу қазір мүлде қиындық туғызбайтын дәрежеге жетті. Технология, ғылым шарықтау шегіне жақындап қалғаны информацияның тым еркін таралуын туғызса, бұл үрдіс адамзат үшін мүмкіндікерден басқа, мәселелер мен қосымша міндеттер жүктей түседі. Соның бірі - ақпараттық сауаттылық. Кейде түрлі мессенджерлер мен әлеуметтік алаңдардан жиналатын мәтіндер, медиафайлдардың рас-өтірігін ажырата алмай қалатындығымыз бар. Бірақ, басым жағдайда, адам психологиясы сандық үлгіде келген ақпараттың шынайы екендігіне көп шүбә келтіре бермейді екен. Бұл теория турасында, психолог-маман, Оспанова Алуа былай дейді: «Негізі, ешкім белгілі бір ақпарат жайлы «мынау рас», «мынау өтірік» деп тура басып айта алмайды. Әрине, ақпарат таратушыдан басқасы. Өйткені, біреу сан қырлы ойға түсіп, жан-жақты сараптауы мүмкін, екінші бір кісі мәлімет жөнінде жіберушіге деген сенім деңгейімен ой түюі мүмкін, ал кейбіреулер эмоция дәрежесінде қабылдауы ықтимал. Жалған ақпаратты түзеушілер көбіне адамның/халық/топ/қоғамның эмоциялық күйінің негізінде әрекет етеді. Міне, шиеленіс тудырушы мәліметтердің желдей тарап кететіні - осыдан». Ал жалған ақпарат жасаушылардың мақсаты не? Әрине, сол хабардың қоғам арасында қызу талқыға түсуі, кейде тіпті, түрлі топтардың, түрлі мүдделердің қақтығысы, немесе басқа да жасырын мотивтер. Мәселен, анау жылдары жарты әлем мұсылмандары болып, Мяньма мемлекетіндегі Рохинджа тұрғындары үшін әлеужеліні қарғыс, дұға, талас, у-шу алаңына айналдырып жібердік. Түрлі қорқынышты фотосуреттер мен аянышты видеолармен бөлісіп жатты барлығы. Кей жазбалар түрлі діни ұрандармен, кейбірі қастандыққа шақыратын сөздермен бірге жарияланды. Тек кейінірек, сол фотосуреттер, видео, фактілердің көп бөлігі аталған ситуацияға мүлде қатысы жоқ нәрсе болып шықты. Ендеше, сонша дау-дамайға ұйытқы болған мәліметтерді тарату кімнің игілігіне жарар іс болды екен? Бұл тұста әркімнің өз нұсқасы бар: бірі халықаралық саяси қатынастарға сілтесе, бірі мұсылмандарды жаман көрсетудің кәдімгі жолы дейді. Бірақ, ең өкініштісі - сол, суреттер мен басқа мәліметтер қолға тие сала, оларды тексеріп, анық-қанығына жетпестен, барлығы жалған ақпарат жетегінде кете барғаны. Бұған дейін де, біздің қоғам осындай ақпарат әлеміндегі таяз сауатымен басына аз пәле тілеп алған жоқ-тұғын. Айта берсек, мысал да, үлгі жетіп жатыр. Жамал ЖАҚСЫТАЙ, журналист: «Қазіргі адамзат, оның ішінде біздің халық өте әсершіл, эмоцияның жетегіне көп ереді. «Ұлт», «дін» дейтін ұғымдарды орындыорынсыз қозғай беретін боп барамыз. Біреу ойымызға сай келетін, біздің бар кемшілігімізді басқаның мойнына артып беретін сөз айтса, артынан тобыр боп ере беруге шақ тұрмыз...». Иә, біздің елдің бүгінгі бейесі - осы: шын мен өтіріктің арасын айыруға емес, көңілімізге сай келетін материалды дамытып, одан ары таратуға деген құштарлығымыз шығар. Бұған дәлел әлеуметтік желі жайлаған негізсіз ақпар мен өсек-аян болсын. И», «оның өтірік өсек екенін қайдан білесіз?» дейтін боларсыздар мұндайда. Шындықты басқадан ажырату аса ауыр еңбек емес, негізі. Өйткені, бұл үшін әлгі соңғы технологияларды дұрыс бағытта пайдалану ғана жеткілікті. Сонымен, әлеумжелі немесе басқа ғаламтор нүктелерінен келген хабарды қалай саралаймыз? Біріншіден, ақпарат көзін тексеріңіз. Көбінесе, жалған ақпарат мессенджерлер мен күмәнді интернет сайттары арқылы таралады. Бастапқы үлгісі жарияланған мекен жайдың да шынайы, шынайы еместігін тексеру керек. Бұл - таратқан адамның контактілерінің растығына көз жеткізу деген сөз. Екіншіден, сізге келген ақпар ешқандай сілтемесіз, ешбір гипермәтінсіз болса, онда бұл оның жалған екендігінің бір кіші белгісі деуге келеді. Ал, сілтеме болған жағдайда, оның, бірінші пункте айтылғандай, шынайылығына көз жеткізіңіз. Үшінші. Ақпараттық сауаттылық - алыс-жақын шет елдерде өте кең ауқыммен қолға алынып жатқан дүние. Онда, түрлі сайттар мен медиабірлестіктер азаматтарға ақпардың шын, не жалған екендігін айыруға қажетті түрлі қосымшалар дайындауда. Міне, осындай сайт, қосымшалар арқылы біраз нәрсені сараптап алуға болады. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай нақты жоба әлі жасалған жоқ, сондықтан, ел ішіндегі түрлі хабарлардың шынайылығын тексеру бір батырманы баса салумен шектелмейді. Ал шет елдегі оқиғалар жайлы мәліметтің рас-өтірігін анықтау оңай. Төртіншіден: мәтіннің құрылымы, грамматикалық бейнесі, сауаттылығы мен ғылымилығына, медиафайлдың сапасына мән беріңіз. Өйткені, шынайы ақпараттың негізгі сын рөлін сапа атқарады. Қатесі көз ауыртатын мәтін, не бейнередакторлардың қатынасуынан өз сапасын бірнеше есе кеміткен видео, фотосурет сізге сенім ұялатпауы қажет. Бесіншісі. Сіз кез келген информация жөнінде іздеуге арналған қосымшадан (поисковик) қайта теріп, басқа жарияланымдарды қарап шыға аласыз. Мұнда тағы бір мәселе - көбіне бастапқы нұсқаларды қазақ тілінде көре алмайтынымыз. Сондықтан, орыс, не ағылшын тілінде іздеп көріңіз. Алтыншы - өз логикаңыздың сыны. Шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратуда басты орында, бәрібір де, өз санаңыз тұрады. Білімді, жан-жақты көзқарасқа ие азамат бос былшыл мен нақты, шынайы ақпаратты бірден болмаса да, ой салмақтаса, айыра біледі. Өйткені, негізінен, шынайы ақпараттың таралу көзі - ресми хабарламалар мен сапалы БАҚ. Не десек те, «WhatsApp пен Facebook бүй деді» деп, фактісіз, сізге мүлде белгісіз дүниені таратып жібермес бұрын, салдары мен ақпараттың салмағына назар аударыңыз. Кез келген ақпарат біреудің өмірі, не бір бүтін қоғам тыныштығының кепілі болуы мүмкін.
Әсем ОРЫНБАСАРОВА