Жаңаөзен қаласында 2 айда көлік құралын тіркеуге қою және тіркеуден шығару қызметі бойынша 1642 қызмет, ал жүргізуші куәлігін ауыстыру бойынша 426 қызмет түрі көрсетілген. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы осы жылдың 1 шілдесінде ашылған болатын. Ол жерде Жаңаөзен тұрғындары ыңғайлы жағдайда көлікті тіркеу және тіркеуден шығару, жүргізуші куәлігін ауыстыру, мерзімі өткен жағдайда жаңасын алу деген сияқты мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады. «Бұрын көлік алсақ қаланың шетіне барып әуре болатын едік. Қазір халыққа қызмет көрсету орталығының ішінде, жайлы орында қызметтерді аламыз. Біз үшін өте ыңғайлы», – дейді қала тұрғындары. «ХҚКО тұрғындарға әр алуан электронды қызмет түрлерін ұсынады. Ескеретін жағдай, алғаш рет жүргізуші куәлігін алу үшін де мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару міндетті», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МКК Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Б.Жарланова.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ