Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өткізілді. Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Н.Жанназарова, жұмыс тобының мүшелері, қала және аудан әкімдерінің аппарат басшылары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталықтарының директорлары, қала және аудандардағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты мамандар, «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ облыстық филиалының басшылығы қатысты. Бас қосуда қаралған өзекті тақырыптар – 2019 жылдың екінші жартыжылдығына жұмыс жоспарын бекіту, «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштарының жұмысын талқылап, ХҚКО қызметіндегі кедергілерді анықтау мәселелері болды. «Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі – тұрғындарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді барынша қолжетімді ету. Осы мақсатта аумақтық департамент тарапынан тың бастамалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі өңірдегі түрлі мекемелерде, сауда орталықтары мен банк саласында тұңғыш рет «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары ашылған болатын. Аумақтық департаменттің ендігі міндеті ведомствоаралық жұмыс тобы шеңберінде аталған қызмет көрсету бұрыштарының қызметін бақылауға алып, ХҚКО тарапынан көрсетілетін қызметтерге сапалы мониторинг жүргізу», – деді Н.Жанназарова. Айта кету қажет, ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына тек қана мемлекеттік органдар өкілдері ғана емес, сонымен бірге қоғам белсенділері, кәсіпкерлер және танымал блогерлер де енді. Отырыс барысында қоғам өкілдері де талқылаудан шет қалмай, өз ұсыныстарын ортаға салды. «Қолжетімді құқық» қоғамдық бірлестігінің директоры Римма Утесбаева мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілеріне мониторинг жүргізуді күшейту және «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштарын аудандардағы қоғам белсенділерінің әлеуетін қолдану арқылы кең көлемде ашуды ұсынса, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы ұлт тық қозғалысы облыстық филиалының директоры Дайрабай Үсіпбаев денсаулық сақтау саласындағы көрсетілетін қызметтерді (жолдама алу, ауруханадан шығару парағын алу, т.б.) барынша электрондық форматқа көшіріп, қызмет алу шыларға қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартты. Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалына тиісті ұсынымдар беріліп, көтерілген мәселелерді бірлесіп шешу қажеттігі айтылды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА