©
Бүгін 20 маусым күні Маңғыстауда Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші кезеңі басталды. Білім сынағына биыл 4298 оқушы қатысады. Облыста сынақ өткізудің 4 пункті жұмыс жасап жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Биыл 5596 оқушы мектеп бітірді. Оның 4298-і мемлекеттік грантты иелену үшін білім сынағын тапсыруға өтініш білдірген. Ал «Алтын белгі» төс белгісіне 159 оқушы үміткер. «Білім сынағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Бейнеу ауданы Күйкен орта мектебінде, Жаңаөзен қаласындағы №19 орта мектеп және Маңғыстау ауданы Б.Жұмалиев атындағы орта мектепте өтіп жатыр. ҰБТ өтетін ғимараттар керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар комиссиялар құрылған, онда жергілікті білім бөлімінің басшылары, қоғамдық мекеме, ұйымдардың қызметкерлері, жергілікті полиция мен денсаулық сақтау қызметкерлері де бар», - дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев. Айта кетейік, биыл республика бойынша 117 мың түлек мектеп бітірді. Қазіргі таңда 66556 мемлекеттік грант бөлініп отыр. Оның 51085-і бакалавриатқа, 2312-і докторантураға және магистратураға түсетін талапкерге 11085 грант бөлінген.Жұлдызай ҚАЛИЕВА