АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығы қолдауымен әрі «Медиа стандарттар институты» ҚҚ ұйымдастыруымен Ақтауда өңірлік БАҚ өкілдері мен блогерлерге мобильді журналистика бойынша тренинг өтті. Джон Смок әлемдік ақпарат кеңістігінде салмаққа ие Associated Press және SIPA Press сынды алпауыт медиаұйымдарда қызмет атқарған. Қазіргі таңда Нью-Йорк қаласындағы City University of New York жоғары журналистика мектебінде дәріс береді. Сонымен қоса тәуелсіз журналист ретінде арнайы шеберлік сыныптарын өткізеді. Тренинг жаңа ақпараттық технология мүмкіндіктерін игеру арқылы тыңдарман, көрермен не оқырман аудиториясына сапалы әрі жылдам контент ұсынуға бағытталды. Мобильді журналистикада атауына сәйкес басты рөл смартфонға тиесілі. Джон Смок жұмыстары смартфон байланыс тетігі ғана емес, кәнігі маман қолында кәсіби құрал екендігіне дәлел бола алады.Ол үшін алдымен телефонға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Тәжірибелі журналист мобильді байланыс құралы бірқатар басымдықтарға ие екендігін айтады. Баршаға қолжетімді, қолданысқа өте қолайлы, смартфонды игеру үшін арнайы білім қажет емес. Әркез қолыңда болғандықтан ақпарат алу мен өңдеу әрі тарату үрдістері өте жылдам жүзеге асады.Бір сөзбен түйіндесек әмбебап журналистке таптырмас құрал. Себебі смартфон қолданушысы бір уақытта әрі журналист, әрі редактор, әрі фотограф, қажет болса монтаждаушы рөлін атқарады. «Смартфон баптауларын мүмкіндігінше толық игеру қажет. Журналист үшін кез келген уақытта еркін әрекет ете білуі өте маңызды. Алдын ала фото не видео түсіретін локацияны, яғни орынды дайындап, жарық түсу бұрыштары, артқы фон мен қимыл-қозғалысты назарға ал. Жоспар құру, адамдармен әңгімелесу, түсірілім ретін жан-жақты ойластыру сөзсіз басты фактор. Қиял еркіндігіне тұсау қойма. Сыртқы форма мен ішкі мазмұнның үйлесімін табуға тырыс», - дейді тісқаққан маман. Қазіргі таңда фото мен видео түсірілімді өңдеуге арналған мобильді қосымшалар жетіп артылады. Медиатренер журналистерге бірқатар бағдарламалармен жұмыс жасаудың қыр-сырын байыппен түсіндірді. Әр смартфоннның өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес фото немесе бейнеүзінді сапасына нұқсан келтірмей монтаж жасау құпияларымен де бөлісті. Қиялы ұшқыр, талғамы жоғары маман телефон арқылы да өте сапалы дүние шығара алады. Бұған мысалы смартфон арқылы түсірілген бірқатар суреттер әйгілі Times Magazine журналының мұқабасына пайдаланылды. Әрине, басқосу барысында қатысушылар да өзіндік ой-көзқарасымен бөлісіп, толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Мәселен газет журналистері мобильді телефонмен түсірілген фото баспада өз сапасын жоғалтпауы үшін қандай әдіс-тәсілдер қолдану керектігі туралы мағлұматқа қанықты. «Кәсіби деңгейі жоғары фото ешқандай артық сөзге мұқтаж емес. Өз бойына негізгі контексті сыйдырады, әрі көрерменге ой тастайды. Бейне сезімге бай болса мән-маңызы еселене түседі. Көрермен өзін сол сәттің қызу ортасында жүргендей сезінуі маңызды. Сол себепті қатып қалған фото жасаудан аулақ болған жөн. Сондай-ақ геометриялық тепе-теңдікті негізге алу сәтті әрі үйлесімді сурет істеудің кілті болмақ. Бояуы қанық, жанды, астарлы фотобейне көрермен назарына еріксіз ие болмақ. Әлемді дүр сілкіндірген мұндай фотолар қатарында Стив Маккаридің әйгілі «Ауған қызы», Альберто Корданың кубалық төңкеріс жауынгері «Че Гевара» портреті және т.б бар», - дейді Джон Смок. Тренинг барысында білікті журналист сапалы дүние жасауға қолғабыс қылатын смартфонға қажет қосалқы құралдармен таныстырды. Олардың қатарында арнайы штатив, 360 градусты қамтитын медиаконтенті құру құралы және оны қолдану тәсілдері бар. Бір сағаттық теориялық дәріс іле тәжірибе сағатына ұласты. Барлық қатысушылар өзара топтасып, тапсырмаға сәйкес арнайы бейнебаяндар дайындады. Басқосу соңында арнайы сертификаттар табысталды.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="81945,81939,81948,81949,81946,81943,81947,81950,81940,81941,81942"]