Ақтауда өткен «Ботаникалық бақтардың коллекция қорлары және оларды климаттың өзгеруі мен антропогендік әсер ету жағдайына байланысты ұтымды пайдалану» атты халықаралық ғылыми семинар аясында Маңғыстау экспериментальды ботаникалық бақтың директоры Ақжүніс Иманбаева мен Беларусь орталық ботаникалық бағының басшысы Владимир Решетников меморандумға қол қойды. Енді олар өзара әріптестік байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуды жалғастырмақ, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау экспериментальды ботаникалық бағы өсімдіктің сан алуан түрін көбейту мақсатында көрші елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Бүгінде Беларусь Республикасынан субтропикалық және тропикалық климатқа төзімді өсімдіктерді алып, аймақ бағына жерсіндіріп жүр. Енді екі елдің ботаникалық бағы бір-бірімен тәжірибе алмасып, ғылыми зерттеу жүргізіп, өсімдіктердің көбеюіне ықпал етпек. https://www.youtube.com/watch?v=SLVcqG99rWc «Бүгін біз ботаникалық бақтың дамуы үшін өте маңызды құжатқа қол қойдық. Енді әрі қарай жұмыс жасап, өсімдіктердің жайқалып өсуіне жағдай жасауымыз керек. Біздің жұмыс бір орында тоқтамауы тиіс. Сондықтан ғылыми ізденісті арттырып, ботаникалық бақты дамытуымыз қажет», - дейді Беларусь Республикасының орталық ботаникалық бағының басшысы Владимир Решетников. Сондай-ақ Әзірбайжаннан келген Вахит Фарзалиев, ресейлік ғалым Евгений Банаев және «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК бас директоры Гүлнара Ситпаева да семинар қатысушыларына өз алғысын айтты. Шара аясында әр аймақтан келген қонақтар ботаникалық бақ коллекциясымен танысты. Сондай-ақ естілік ретінде баққа 10 шақты шырша ағашын отырғызды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="80288,80289,80295,80290,80291,80292,80293,80294"]