Ақтауда "Стартап - кәсіптің бастауы" атты жастар мен жасөспірімдер арасындағы облыстық көрме-байқауы өтті. Байқауға Маңғыстаудың қала, аудандарының мектеп оқушылары, колледж студенттері, мұғалім-тәлімгерлер, облыстық басқарма басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері қатысты. Байқауға баға беретін комиссия төрайымы облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Венера Мұстапаева, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Гүлжан Исмурзина, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Халил Тилекулов, «Достуг» Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Шамсадин Гусейнов, «Салават» Башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Гузалия Будченко, облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының жетекшісі Ажаргүл Нұрағанова оқушылар жобасын саралады. Байқауда сараланған жобаларды іріктеу нәтижесінде 10 жоба күз айларында өтетін облыстық стартап байқауына жолдама алатын болады. Олардың қатарында Ақтау қаласының №29 орта мектеп оқушысы Ахмет Асылдың «Сал балаларға арналған массаж орталығы», Жаңаөзен Білім инновациялық лицейінің шәкірті Нұрсұлтан Жұлдызбекұлының «Автоматтандырылған оқу жүйесі», Қарақия ауданының №4 орта мектеп оқушысы Манас Айгерімнің «Велопарк» қызмет көрсету саласы», Қарақия ауданының №5 орта мектеп оқушысы Нұртілек Шаңдыбайдың «Түйе жүнінен жасалатын сырт киім», Маңғыстау ауданынан Аманжол Асылгерейдің «Маңғыстаудың жеті қыры этнотуристік маршрутын ұйымдастыру», Түпқараған ауданының Таушық ауылынан «Шахта» орта мектеп оқушысы Ағдал Жансаяның «Ауылым алтын бесігім», Мұнайлы ауданының №5 орта мектеп оқушысы Гүлмира Құдайбергенованың «Арасы жоқ тәтті саяхат», Мұнайлы ауданының №5 орта мектеп оқушысы Ұлболсын Елюбаеваның «Әуе шарларымен саяхат», Мұнайлы ауданының №1 орта мектеп оқушысы Айгерім Сейтованың «Қолөнер ұлт мұрасы» жобалары бар.
Үміт ЖӘЛЕКЕ