©
Сонау 1928-30 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, зар заманның зауалын көріп, жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларымыз аз болған жоқ. Солардың легінде Маңғыстаудың қараойын қыстап, Үстіртің үстін жайлап, Самның құмын мекендеп, Жем-Сағызды бойлаған маңғыстаулықтардың қатарындағы Мәден Бәтиұлының (Нәренбай баласы) өмірдерегі де терең сыр шертеді... Жақында бейнеулік шежіреші және өлкетанушы Сұлтан Қадір ағамыздың жинақтап, немересі Арман Орынбасарұлы шығарған Мәден Бәтиұлының өмірдерегі баяндалған кітабы қолымызға түсті. Сол кітапта Мәден ата жайлы «...Әкесі Нәренбай - бай санатында болып, баласы Мәденді молда жалдап оқытып, сауатын ашқан. Байларды кәмпескелеу кезінде 1929 жылы Мәден Бәти атасының алты бірдей баласымен қазіргі Байғанин ауданының Алтай елді мекенінде отырған. Кәмпескемен қатар «бай», «тегі жат» деген атауға ілігіп, жазықсыз айдалып кететін болғасын ағайынды алтау қарулы қарсылық көрсете жүріп, Түрікменстанның Ташауыз облысына қарай ойыстайды. Бірақ тағдыр тауқыметі сол алты ағайындының ішінен босу кезінде тек Мәденді аман алып қалып, жаңа заманаға жеткізген...» деген жолдармен жазылып басталған екен. Осы кітапта жазылғандай, Мәдекең басына түскен ауыртпалықты мойымай көтере жүріп, ес жиған бір шамада ол Бәтидің Шәрішбай деген баласынан тараған тумаластарын ғана тапқан. Қыз тумаласымен Көнеүргеніш ауданының Гөрелде жерінде табысыпты. Қалған тумаластарынан хабарсыз, өлі-тірісін білмеген. Мәдекең басынан өткізген қуғын-сүргін жылдарының ауырпалығының соңы ашаршылыққа, ізін ала Ұлы Отан соғысының зұлматына ұласып,1943 жылы (раббатальон) сапында Ресейдің Куйбышев қаласындағы жерастында танк құрастырып жатқан заводтағы қара жұмысқа жегіледі. Ауыр жұмыста жүріп алған жарақатының себебімен Көнеүргеніштегі ауылына қайтып келіп, колхоздың шаруашылық, егіншілік жұмыстарына кірісіп кетеді. Бала кезінде қырда жүргенде ауыл молдасынан алған арабша сауатымен колхозда қоймашы мен ферма меңгерушісі, ферма бастығы, мақта егісінің бригадирі болып абыройлы жұмыс істеп, еңбек етеді. (Осы жерде бір айта кетерлігі, 1970 жылдарға дейін Түрікменстанда колхоз басқармасы мен есеп-қисап саласында Мәден секілді ескіше сауаты бар аталарымыз жұмыс жасап, абырой биігінен көрінгендері көп болды. - К.Ә.). Мәден ата содан соғыс басталған жылдары үйленіп, шаңырақ көтеріп, ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, Мәдекең әр кезеңдерде әділетсіздік күштердің араласуымен жазықсыз жапа шегіп, түрменің де ащы дәмін татқан жылдары да болыпты. Бірақ оған өзінің «Әрқашанда ақиқат жеңеді» деген нық сенімі серік болып, келер күндерге үміт жібін үзбей жалғай бергенін оның жазған шығармаларынан аңғару қиын емес. Шығарма дегеннен шығады, Мәден ата колхоздың қара жұмысына жегілген еңбектің қарапайым «қара торысы» ғана емес, қанында тектілік пен бойында өшпес өнері бар,терең ойлы, өмірге деген көзқарасы қатарынан ерекшелеу, бұрынғы өткен маңғыстаулық ақын-жыраулардың шығармаларын білетін жадкеш, өзі де жанынан жыр жазып шығаратын өнер иесі болғанын жырларын оқи отырып, көз жеткіздік. Десек те ол кез-келген адамға сыр сандығын оңайлықпен аша қоймайтын, мінезі тұйық, біртоға адам болғанға ұқсайды. Жазған шығармаларына ертеде елдің басынан өтіп және өзінің көзі көрген қиын-қыстау кездерді арқау етіпті. Қиын кезеңдердегі қолұшы көмегін берген өзінің замандастары – жанашыр жандарға, отбасына деген жан дүниесінің ризашылық сезімін жырмен жеткізіп отырған. Мәден атаның жаңа айтып өткеніміздей, оның жадында сақталған 1928-29 жылдардағы зар заманда «Байдың баласы» деп қудаланып, түрмеге түскен ақын Закария Сағындықұлының (ел аузында «Закария-Шам Талпақ» деген атпен белгілі) толғауларын оқығанда жазықсыз жазаланудың зардаптарын еске түсіріп, кім-кімді де тебірентпей қоймайды. Яғни 1928-30 жылдары қуғын-сүргін көрген ата-бабалардың тартқан қайғы-қасіретін айна қатесіз көз алдыңа келтіреді. Мысалы, Закария толғауының үзінділерінде: Тұтқынға алған біздерді, Сәл нәрсенің жаласы, Орынсыз қуған дұшпандар, Көңілдің болып аласы,. Өтірік, жала, жәбірді, Атасыз иттің баласы. Жазықсыз іске шатаған. Жауыз деп бізді атаған. Анығын ашпай, қылмыстың Түрмеге тығып қамаған...–дегендей жолдар жалғаса береді. Осы сарындас жырында Мәден атаның өзі де былай деп толғапты: ..Жан көрмеген ғаламат, Бір заман болды-ау қапылған. Жауың шығып жақыннан, Дұшпаның болып қасыңнан. Талайлар нақақ атылған. Ұстап беріп ұлтыңнан, Көрсеткен кез сыртыңнан, Ерік кетіп басыңнан, Кінәсіз босқа атылып, Қырылды талай асыл жан... - дейді. Сол секілді «36-жылда» ел–халқынан айырылып, өзінің жалғыз қалғанына.. және аштықтың апатына кездескеніне арнап айтқанында; ..Жаһанға жәбірім жоқ қазақ едім, Халықтың қарашаруа базары едім, Байлығы бастан асқан бақыт орнап, Халыққа қарауытқан пайдалы едім. Көпіріп, сүттен шыққан қаймақ едім, Мал бағып, Маңғыстауға қыстап шығып, Жайлауға жазғұтырым жаппай көшіп, Жем, Сағыз, Сарыарқаны жайлап едім, ...Қылды ойран қыдыр көрген байлар кетіп, Қайтты ма сенен дұға қайран, жерім?! Сары бал, шөбің шүйгін шаруаларға, Қонысқа қоңыр салқын қалай едің, Қоныстан құтылғанша құмар болып, Қалмастан қаптай көштік қайран елім. Жем-Сағыз, Ойыл-Қиыл, Еділ-Жайық, Жайлайтын және жылда малын жайып, Қазаққа қай заманнан байырғы едің, Байырқап, баста бақыт тұрған шақта, Жоқ еді қатар елде тайым менің... ...Кешегі Маңғыстауда жүрген күнде, Жем-Сағыз қонысым еді жүрген жайлап, Арттырып жабағы жүн нарға тайлап, Шаруалар сатушы еді малын айдап, Пұлына айдап сатқан малдарының алушы еді Керегінше мата, шай-қант, - деп жырлай берген. Арадан жылдар өте келе Мәден атаның жас кезінде көрген қиын күндері артта қалады. Өмірінде оң өзгерістер болып, бала-шағасы ержетіп, етек-жеңін жинап, республикалық дәрежеде зейнетке шыққан соң атамекенге деген аңсары ауа береді де 1980 жылдары Бейнеуге қоныс аударады. Өзі келместен бұрын жоғары білімді бала-келіні Орынбасар мен Қарашаш осы жерде жас ұрпаққа білім беру саласында еңбек жолын бастаған-ды. «Көшегіне еріп, көшке ілесіп келген» Мәдекең жасы ұлғайған шағында атажұртының ауасын жұтып, топырағына аунап, ұл-қызы мен немерелерінің қызығына қана жүріп,мағыналы ғұмыр кешті. Жасында тағдырдың тауқыметін көп тартып, өмірдің теперешін көп көрсе де 85 жас жасап, 1993 жылы өмірден озды. Тілегі қабыл болып, ата-бабасы жатқан атажұртында (бабасы - Бита деген кісі Қараман ата қауымында екен) өзі де мәңгілік орын теуіп, ата арманы ұрпақтарына ұласты десек қателеспейміз. Әңгіме басында айтып өткеніміздей, бұл күнде ізінде қалған Орынбасар бастаған ұрпақтары атасын еске алып, мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, рухын ұлықтап жүрген жайы бар... Әлқисса, бұл ретте біз, бір ғана адамның қуғын-сүргін жылдарында басынан өткізген жәйттерінің кейбір тұстарын ғана баяндап, әңгіме өрбіттік. Өткен дәуірде қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізіп, ел ішінде тағдырдың тауқыметін тарқан басқа да жандар аз емес... Міне, бұл әңгімедегі мысалға келтірілген шемен-шерлі толғаулардан біз сонау 1928-30 жылдардағы және одан кейін жалғасқан ауыр кезеңдерде елдің басына күн туып, жазықсыз жапа шеккен ел-жұрттың қайғы-қасіреті мен көрген азапты күндерін жыр жолына түсіріп, толғаған қиын жағдайларына қанығамыз. Бұл жалпы қазақ халқына ортақ қуғын-сүргін жылдарының ақтаңдақ тарихы десек, жаңылмаймыз.Кәрісбай ӘДІЛ