©
Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген еді. Бұған республикалық, жергілікті бюджеттен және өзге де инвесторлардан барлығы 230,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Енді кешенді жоспар аясында жұмыссыздық деңгейі төмендейді, тұрғын үй мәселесі шешімін тауып, қаланың жолдары жөнделеді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар алаңында Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Кешенді жоспар 67 тармаққа бөлінген. Оның 59-ы қала ішінде орындалатын болса, ал қалған 8-і облыс деңгейінде іске асады. Биыл жоспарды іске асыруға республикалық, жергілікті бюджеттен және өзге де инвестордан 19 млрд 800 млн теңге бөлінген. Бүгінгі күні Жаңаөзен қаласының тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында «Өзенинвест» МКК-нің міндеттемелері ұлғайды. Жаңа жұмыс орындары құрылып, 350 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Сонымен қатар мұнай қалдықтарын тазалайтын «Таза су» мекемесі де өз жұмысын бастаған екен. Мекеме қазіргі таңда 90 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Кешенді жоспар аясында биыл Жаңаөзен қаласында қант құрағын өңдеу және құмшекер өндіретін кіші зауыт салынады. Сол арқылы жаңа 48 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отырмыз. Сонымен қатар орталық мұнай тапсыру пунктін салу бойынша ЖСҚ жасақталып, «Тенге ойл газ» ЖШС тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Қазір құрылыстың 1-кезеңі аяқталуға жақын. Мұнда 45 жұмыс орны құрылмақ», - дейді Жаңаөзен қаласының әкімі Ә.Дауылбаев. Жалпы Жаңаөзен қаласы бойынша 5256 жаңа жұмыс орны ашылуы керек еді. Қазір 2340 адам өз жұмысын бастап кеткен. Қала әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін қалған жұмыс көзі ашылып, жұмыссыз жүргендер жұмысқа орналасады. Өзектендірілген кешенді жоспарға бірнеше жаңа тармақтар енгізілді. Соның бірі – тұрғындардың үй алуға мүмкіндігі. «Жаңаөзен қаласының мұқтаж азаматтары үшін Ақтау қаласынан жалға берілетін пәтерлер сатып алуға «ӨзенМұнайГаз» АҚ және республикалық бюджеттен қаржы бөлу жоспарланып отыр. Жалға берілетін пәтерлер Жаңаөзен қаласының жұмыссыздық тізімінде тіркеуде тұрғандарға және ҚР аймағында соңғы 5 жыл ішінде атында пәтері жоқ азаматтарға беріледі. Қазір пәтер алуға ниет білдірген 250 шақты адамның тізімі жасақталып, облыс әкімдігіне жолдануда. Енді энергетика басқармасы тарапынан ереже бекітіледі, пәтерлер Ақтау қаласының әкімдігі тарапынан беріледі», - дейді Әділбек Дауылбаев. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласының әкімі тұрғындар тарапынан үздіксіз келіп түсетін мәселелерге тоқталды. Соның ішінде қалаішілік және ауылішілік жолдардың нашарлығына, тіпті кей ауылда инфрақұрылымның тартылмағанын да атап өтті. Енді кешенді жоспар бойынша осы олқылықты ретке келтірмек. «Қалаішілік Мерей шағынауданы, Бостандық, Мұнайлы шағынаудандары және Рахат ауылының Ақсу, Мерей шағынаудандарының автомобиль жолдарын салу бойынша 4 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 809,8 млн.теңге, ал жергілікті бюджеттен 40,0 млн,теңге бөлінді. Сонымен қатар 2 жоба бойынша конкурстар өткізілді, мердігер мекемемен келісім-шарт жасақталды», - дейді Жаңаөзен қаласының әкімі.Жұлдызай ҚАЛИЕВА