Ақтауда «Ботаникалық бақтардың коллекция қорлары және оларды климаттың өзгеруі мен антропогендік әсер ету жағдайына байланысты ұтымды пайдалану» атты халықаралық ғылыми семинар өтті. Оған Ресей, Беларусь, Әзірбайжан және Қазақстанның ботаникалық бақтарының басшылары мен сарапшылары қатысты. Олар өз аймағындағы бақтардың ерекшеліктеріне тоқталды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Шараның негізгі мақсаты – алуан түрлі өсімдіктердің сақталуы мен көбеюіне назар аудару. Климаттық жағдайдың өзгеруіне байланысты флораны ұтымды пайдалану. Осы ретте Беларусь, Ресей, Әзірбайжаннан келген қонақтар өз еліндегі ботаникалық бақтардың жетістігі мен келешегі жөнінде айтты. Өзара байланыс орнату мақсатында тәжірибесімен бөлісті.

Беларусь Республикасының ботаникалық бақтар кеңесінің төрағасы Владимир Решетниковтың айтуынша, ботаникалық бақ  — елдің маржаны, ұлттың қазынасы. 1932 жылы құрылған Беларусь орталық бағы өсімдіктерді өсіріп, оны зерттеумен қатар ботаникалық білімді насихаттап келе жатыр.

Ақтауда ботаникалық бақтардың жай-күйі талқыланған халықаралық семинар өтті   

«Бүгінде орталық бақта барлығы 255 қызметкер жұмыс істейді. Оның 108-і зерттеу жұмыстарымен айналысады. Бақта 15 196 тірі өсімдіктің үлгісі бар. Оны 40 ботаникалық жиынтыққа бөлдік. Қазіргі таңда өсімдіктер Минсктің 92,8 га ашық алаңында және Ганцевичи ауданындағы 44,3 га жерді алып жатыр. Ал субтропикалық және тропикалық өсімдіктердің жиынтығы ғылыми-өндірістік жылыжайларда 1,8 мың шаршы метр аумақта орналасқан. Өсімдіктердің in vitro жағдайындағы коллекциялары 46 шаршы метр арнайы жабдықталған үй-жайларда сақталады.

Өсімдіктер газ тәрізді күкірт қосылыстарын, сутегі сульфидін, аммиак, азот оксидтерін, формальдегидтерді, ауыр металдарды және қоршаған ортаның басқа ластауыштарын сіңіреді. Ауаны тазартып, ылғалдандырады және желдің жылдамдығын азайтады», — дейді Беларусь Республикасының Ботаникалық бақтар кеңесінің төрағасы Владимир Решетников.

Аймақты көгалдандыру көрсеткіші бойынша Беларусь аймағы 44 пайызбен алда тұрған мемлекет екен. Қазіргі таңда Беларусияда дәрілік және хош иісті өсімдіктердің жиынтығы негізінде дәрілік шөптерді өсірудің технологиялары әзірленіп, тағамдық қоспалар мен биокоррекаторларды алу жұмыстар жүргізілуде.

Ақтауда ботаникалық бақтардың жай-күйі талқыланған халықаралық семинар өтті   

Ғылыми семинар барысында Маңғыстау экспериментальды ботаникалық бағының директоры Ақжүніс Иманбаева құрғақ аймақта өсімдіктерді өсірудің қазіргі жағдайына тоқталып, өңірдегі өсімдік түрлерін атап өтті.

«Қазіргі таңда Маңғыстау экспериментальды бағы өсімдіктерді жерсіндіріп, оларды қолайсыз климат жағдайында өсіреді. Өсімдік өсірудің агротехникасы мен олардың көбею заңдылықтарын бақылап, ғылыми-зерттеу жүргізеді. Маңғыстау ботаникалық сынақ бағы республикада маңызы бар айрықша қорғаудағы табиғи аумақтардың тізіміне енгізілген. Бүгінгі күні бақтың жалпы аумағы 39 гектар. Оның 29 гектары 10 шағынауданда орналасқан, ал қалған 34 а шағынауданында  10 гектары ботаникалық бақ салынып жатыр. Қазір бақта қылқан жапырақты өсімдіктің 53 түрі, өзгеаудандық өсімдіктің 309 түрі, жеміс-жидектің 127 түрі бар. Сондай-ақ 95-і жергілікті флора болса, 487 түрі гүлді өсімдіктер. Ботаникалық бақ коллекциясында раушан гүлдің 146  түрі бар», — дейді Ақжүніс Иманбаева.

Шара аясында «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК бас директоры Гүлнара Ситпаева «Ботаника және фитоинтродукция институтының өсімдіктер қорларын пайдалану қызметі» туралы сөз сөйледі. Ал Орталық Сібір ботаника бағының директоры Евгений Банаев «Орталық Сібір ботаника бағының қызметі» жөнінде және Әзірбайжан орталық бағының директоры Вахит Фарзалиев «Әзірбайжан орталық бағының жұмыстары» туралы баяндама оқыды.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН