«Халық шөлдемесе, болды»,- деп өзінің шаршап, шалдыққанын естен шығарып, халыққа қызмет көрсетуді бәрінен де жоғары қоятын Қалмақбай Шымбаевты темір тұлпардың тілін тапқан жүргізуші десек, артық айтқандық емес. Оның бұл салада келе жатқанына да 40 жылдан асыпты.
1954 жылы Түрікменстанның Красноводск қаласында туып, сол жерде 8 жылдық мектепті бітіре салысымен шойын жолдағы жұмысқа араласқан ағамыз көліктің тізгініне 1972 жылы әскери міндетін өтеу кезінде отырыпты. Жүргізушілікті алғаш рет Ресейдің Амур облысында әскери борышын өтеп жүргенде «Урал-375» көлігін басқарудан бастаған. Екі жылдан кейін ауылына оралып, Красноводскідегі «ПЧ 24» теміржол мекемесіне жүргізуші болып жұмысқа орналасады. «8 жылдық мектепті тек үздік бағамен бітірдім. Онда қайда барып, қандай мамандықта білім аламын десем де жол ашық, тегін оқу болатын. Бірақ мен отбасыма көмектесуді, ата-анам сынды теміржолда жұмыс жасауды ойладым. Мектепті бітіріп, теміржол монтері болып жұмысқа тұрдым. Жұмыста жүріп жүргізуші курсында оқыдым. Одан әскерге кетіп, 2 жылдан кейін тағы теміржолға оралдым. Ол уақыттары көліктің рөліне отыру барлық баланың да асқақ армандарының бірі болатын. Тіптен «теміржолда көлік айдайды» деген одан да жақсырақ, мақтаныш еді. Сол арманның жетегінде осы салаға келдім. «АС-1С», «АГМ» машиналары жүргіздім. Міндетім - Красноводск мен Небитдаг арасында 150 шақырымдық жерге шпал, трубаларды жеткізіп беру еді,-дейді Қалмақбай аға.
Ол осылайша, 15 жылға жуық уақытын теміржолдағы жүргізуші мамандығына жұмсаған. Одан кейінгі жылдары өрт сөндіру көлігін басқарса, қазірде «Маңғыстау Жылусу» мекемесінде су тасу көлігін жүргізеді. Аталған мекемеге келгеніне де 5 жылға жуықтаған. Осы уақыт аралығында басшылықтан сөгіс емес, алғыс арқалаумен болған. Әріптестері оның іскерлік қасиеті мен жайдары мінезін, кәсібіне адалдығын жоғары бағалайды. Осы ерекшелігімен мекемеден қызмет алушылардың да көңілінен шығып жүргені анық.
− Су көлігін жүргізушілерге күніне 10 шақты машина су тасу жүктемесі беріледі. Бірақ кейде көліктердің бірі істен шықса, басқа жүргізушілерге тағы да үстеме жұмыс қосылады. Көлік бұзылды екен деп, тұрғындардың сұранысын қанағаттандырмай отыруға және болмайды. Өзге жүргізушілердің 13-14 реттен су қатынауына тура келеді. Кейде жұмысы кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Осындайда Қалмақбай сынды ағаларымыз бас болып, жас жүргізушілерге ақыл-кеңесін беріп отырады. Алдыңғы буын жұмысты осылай жан-тәнімен беріле жасағанын көрген жастар жағы да үлгі алуға тырысады. Қ.Шымбаевты аталғандай себептермен демалыс кездері, беймезгіл уақыттарда жұмысқа шақырғанымызда бірде бір рет «жоқ» деген жауабын естімеппін. Қазір жаз маусымы болғандықтан су көп тұтынылады. Жұмыс қыза түсуде. Сондықтан жұмыстан тыс кезі хабарласқанымызда санасып жатпай, «біреудің қажетіне жарасам, неге жұмысқа шықпасқа?!» деп дереу көлігін от алдыра кететіні қуантады.
Мекемемізде жалпы 15 шақты су көлігі мен 40-қа жақын әртүрлі көліктердің жүргізушілері бар. Осы кісі сияқты тәжірибелі жұмысшыларымыз үнемі білгендерін бөлісіп, жастарды бірлікке бастаумен келеді,-дейді «Маңғыстау Жылу» мекемесінің бас инженері Таңжар Медетов.
Ал Қ.Шымбаевтың өзі мамандығы туралы: «Кәсіптің жақсы-жаманы болмайды, тек адам өз міндетін шын көңілден атқаруы керек. Жақсы көре білгенге қиын жұмыс та жеңілдей түсетіні өз өмірімнен мысал. Кез келген жұмыс қанша ауыр көрінсе де соның арқасында өзгеге пайдаң тиіп жатқанын ойласаң, шаршау лезде сейіліп, орнын өзге сезімдер басады. Қарапайым болса да кәсібімді мақтан етемін. Көлікке отырғанан бастап жолдағы өзге адамдардың да өміріне жауапты екенім бірден есіме сап ете қалады. Осы сезім үнемі қырағы болуға үндейді. Соның арқаснда болар қазірге дейін бірде-бір жол ережесін бұзып көрмеппін»,- дейді.
Жалпы кейіпкеріміз бір кәсіпті таңдау арқылы бірнеше мамандықтың қыр-сырымен танысқан. Теміржолдағы жұмыспен де, өрт сөндіру саласынан да хабардар. Дегенмен зейнет жасына дейінгі қызметі оның өмірінде ерекше бір із қалдырған тұстар да бар. Мұнысын өзі теміржолмен байланыстырып: «Негізінде теміржолшы мамандығына жақынмын. Әкем Ораз өмірбойына теміржолдың кадр бөлімінде, анам Шоқыжан станция кезекшісі болып еңбек етті. Жас шағымыздан теміржолдағы тірліктің көбін көріп өстік. Ата-анадан 2 ұл, 1 қыз едік. Ағам Жарылқасын да теміржолшы еді. Рельстердегі дефектілерді анықтайтын. Қазір ұлы Болат әке ізімен теміржол бағытында жұмыста. Зайыбым Жансұлу теміржол дүкенінде сатушы болды»,-дейді Қалекең бізбен қоштасарда жылы жымиып.
Шахида ЖҰМАН