Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Тамыз айының келіп жетуімен ата-аналар балаларын мектепке дайындап, қажеттерін сатып алып беруде. Солардың ішінде, көпшілігі мектеп формасына келгенде бас қатырары анық. Баланың таңдағаны талапқа сай келмеуі мүмкін. Сол себепті, ата-аналарға құлаққағыс ретінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен талаптармен таныстырып өткенді жөн көріп отырмыз.
Республика бойынша бірыңғай мектеп формасын енгізу көзделмеген. Әр оқу мекемесі өзінің дербес мектеп формасын таңдай алады. Мектеп басшылығы форманы нақты бір өндірушіден алуды талап етуге, сондай-ақ, мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құқығы жоқ. Мектеп формасын жаңа оқу жылына енгізуді жоспарлайтын болса, онда бұл шешім ағымдағы оқу жылының 25 мамырына дейін жалпы мектептік жиналыста бекітілуі тиіс. Білім басқармалары мен бөлімдері ата-аналарға тек мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алуды ұсына алады. Ата-ананың міндеті – баланы оқу жылы басталғанша мектепте бекітілген форма үлгісі мен түсіне сәйкес киіммен қамтамасыз ету.
- Мектеп формасының матасының түсі, үлгісі қандай болу керек? - Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден, яғни қара және қою көк түстерден таңдалады. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіліп, күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
- Ұлдардың мектеп формасы қандай болуы керек? - Пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде. Қысқы мезгілде трикотаж жилет, водолазка. Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет. Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жидеден құралады.
- Қыздардың мектеп формасына қандай талаптар қойылған? - Пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде. Қысқы уақытта трикотаж жилет, сарафан, водолазка. Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген, ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы қажет. Қыздардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ түсті блузкадан құралады.
- Мектеп формасын енгізу барысында мата құрамына назар аударылған. Мектеп формасына қандай маталар қолданылады? - Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылуы қажет.
- Мектеп формасы қалай бекітіледі? Мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды, жалпы мемлекеттік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
Міндетті мектеп формасы білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және оқушылардың арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған.
Жаңаөзен-Ақпарат