Ол үйден ерте кетіп, кеш келетін. Қайраттылықпен қоса ептілікті талап ететін жұмысынан шаршап келгенде алдынан қолдан қуыршақ жасап, оған үйдегі киім-кешекті кигізіп екі бөлмелі шағын үйді асты-үстіне шығарып шашып ойнап отырған балаларын көргенде қабақ шытпай үйдің тірлігіне бел жазбай араласып кете беретін. Аралары бір жас, жас жарым алты бала мен жарының асын беріп, бабын тауып, балалары ұйықтағаннан кейін ғана өзі көз ілетін. Күндіз мұздай балшық ұстап, құрылыс салып келген алақаны балаларының маңдайына тигенде жып жылы боп сала беретін. Оны көз көргеннің бәрі мақтайды, қажырлылығын әлі күнге дейін тамсана айтып отырады, аудандағы көп құрлыстың қабырғасында оның алақанының табы мен қолының таңбасы қалды. Бір кездегі құрылыс бригадирі, талдырмаш құрылысшы қыз бүгінде зейнеткерлікке шықса да еңсесін тік ұстайды. Біз құрылысшылардың кәсіби мерекесімен құттықтамақ болып үйіне барғанда сарайдағы үлкен ошақты сылап жатқан апамыз қолындағы балшығын көз ілеспес шапшаңдықпен жағып болды да, күлімсірей амандық-саулық сұрасып дастархан басына шақырды. Әжелеп жүгіріп жүрген қара тентектерін еркелете отырып, өзінің қызықты қызмет жылдарын әңгімелеп берді. Біз барған үй өсіп-өнген үлкен шаңырақ Сейітов Кенжештің үйі еді, ал әңгімеміздің арқауы отыз жыл сылақшы болған Айсұлу Сариева анамыз.
Бүгінде қыз бала түгілі тепсе темір үзетін жігіттердің өзі жолай қоймайтын құрылысшы мамандығын ғұламалар ең ізгі үш мамандықтың бірі санаған екен. Зәулім үйді қойғанда қора-қопсысын сырттан келген жұмысшыларға салдыратын мына заманда сол ізгі мамандықтың ізі де қалмағаны қынжылтады. Жетпісінші жылдардың ортасынан бастап құрылыс саласында құлаш сермеп абыроймен қызмет атқарған Айсұлу апамен тілдескенде оның шиеттей балалары мен отағасысының бабын таба жүріп ерлерге бергісіз еңбегін көз алдымызға елестету бүгінгі ұрпақ біз үшін ерен еңбекпен пара пар.
Адам баласы алдындағы ісін сүйсіне жасағанда, таңдап алған мамандығын сүйгенде ғана жетістікке жетеді және өмірінің де қызықты сәттері өлшеусіз болатыны сөзсіз. Себебі жыл он екі айдың басым бөлігін, еңбекке араласатын шақтан егде тартқанға дейін қызмет басында жүретіндіктен кәсіп адам өмірінің өрнектелуіне өлшеусіз үлес қосады. Бұл сөзіміздің де айқын дәлелі – бүгінде берері көп, айтары бар асыл ананың өмірі.
Ақкетікте туып өскен бойжеткен Киров атындағы орта мектепті бітірген соң, Ақтау қаласының № 11 училищесінен сыршы-сылақшы мамандығын алып шығып, «МаңғышлақСельСтрой» құрылыс мекемесіне жолдамамен жұмысқа орналасады. Он жеті жасар бойжеткен алғашқы жұмыс күні жүрексініп бастаса да, мамандығына деген махаббаты оны еш қиынсынбай мінсіз қызмет атқаруға жетеледі. Іскерлігі мен белсенділігі арқылы көзге түсіп, жиырма жасында облыстық совет депутаты атанады. Кезінде аудан, облыста салынған нысандарда мәселен, Маңғыстау техникалық колледж, А.Меңдалыұлы атындағы орта мектеп, аудандық мешіт, ауылдардағы білім беретін ұйымдар, әкімшілік ғимараттарда бұл кісінің қолының ізі жатыр. Бұдан басқа елі үшін атқарған еңбегі көпке үлгі боларлықтай. Өмірге алты бала әкеліп, олардың тәрбиесімен қатар қоғамның дамуына да өзіндік қолтаңбасын қалдыра білді. Балалары анасының жолын қумаса да, әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әже. Қазіргі кезде бұл салаға қызығушылық танытып, жақсы көруге кез келген жанның жүрегі дауаламасы анық. Ал, Айсұлу апай болса, сылақшылықты тек кәсібім деп емес, өмірімнің мәні деп санады.
- «Құрылысшы болу жауаптылықты талап етеді. Қазіргі кезде өз қалауымен осы мамандықты таңдаған адамды әсте кезіктіре бермейсің. Көбісі «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргісі келеді. Бұл – жалқаулық, еріншектік. Біздің уақытымызда жағдай мүлдем басқаша еді. Бүгінгідей дайын техника жоқ, жоғарғы қабаттарға балшық толы шелегімізді, зембілімізді арқалап, абыройлы еңбек атқардық деп ойлаймын. Бұл саланың берері көп. Алдымен, денсаулығын мықты болады, алпысты алқымдасам да белім ауырып, балтырым сыздайды дегенді білмеймін. Адам қай мамандықтың иесі болмасын сүйіп істеу қажет. Сүйген жерде құштарлық, қызығушылық болады. Сондықтан болар, балшықтың исі мен қалағымды әлі де сағынамын және жыл сайын құрылысшылар күнін асыға күтіп отырамын. Осы күні жұмыстас болған әріптестерімді, бригадамды, талай қызықты да ұмытылмас күндерімді есіме алып отырамын», - дейді батыр ана.
Отбасы мен қызметті қатар ала жүріп, отағасының бабын тауып, ұл мен қызын тәрбиелеп жүрген ақ жаулық аналарымыз аман болсын!
Г. ШЫҢДЫБАЕВА