Қазақ халқы жеті қазынасының бірі санаған жылқыны «жал құйрығы қанат, төрт тұяғы болат, мінсең көлік, сүті сусын, еті ем» деп есептеуінен еш жаңылмаған. Тегінде жылқы жануары жетпіс түрлі шөпті талғаммен жеп, қырық түрлі аурудың алдын алатын қымыз сусынын береді. Ғалымдардың дәлелдеуінше халық арасында емдік тұрғыда пайдаланып жүрген қымыз - қасиеті мол сусын. Денсаулыққа пайдалы тұсы көп бабалар ішкен бал қымыз дастарханымызға қайта оралды десек те болады. Қымызсыз жиын өтпейтін күнге жетпесек те, тұрақты сатып алатын әуесқой тұтынушылардың саны күн санап артып келеді. Ауданымыздағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына келіп түскен арыздар ішінде қымыз өндіру саласын дамытуға бет бұрғандар бар. Тіпті оның денсаулыққа пайдалы тұсы көп екенін білген шетелдіктердің сұранысы да жақсы.
Қымыз өндіру төзімділік пен бапты қажет ететін жұмыс десек, өңірімізде осы шаруаны бірнеше жылдан бері дөңгелетіп отырған «Нақхан» шаруа қожалығының басшысы Мырзатай Қойшыбаев 1992 жылдан бері Адай жылқысын өсірумен айналысады. Жануар бабының жай жапсарымен жақсы таныс Мырзатай атакәсіпті кеңейтуді көздеп мемлекеттік бағдарлама бойынша алған несиесіне «Қашаған» совхозынан елу жылқы сатып алған. Сол жылқыларын көбейтіп, бүгінгі таңда 250 жылқының алпысын сауады. Емдік қасиеті мол сусынды өндіру кәсібінің тетігін тапқан қожалықта «МаңғыстауАгроСервис» ЖШС арқылы алған шөп оратын, тайлайтын құрылғылары бар. Малдың берер өнімі жеген азығына қарай болатынын білетін шаруалар алдымен жайылымға, өрістің құнарлылығына баса назар аударады.
- Қымыздың сапалы болуы жайылымына байланысты. Биылғы жауын-шашынның көп болуына байланысты шөптің шығымы жақсы, мол өнім беріп отыр. Жұрт неге жылқы, қымыз дей береді? Өйткені бар мәселе бие сүтінің қасиетінде болып тұр. Оның құдіреттілігін мынадан көруге болады. Өзге мал сүттерін пісіріп ішуің керек болса бие сүтін пісірсең құнын жояды. Сауын басынан жылы күйінде саумал ішсең сырқатыңа ем, жаныңа жайлы. Мұның өзгеден бұрын біздің бабаларымыз баяғыда-ақ білген. Бүгінгідей ғылымы дамыған заманнан бұрын бие сүтінде пайдалы дәрумендердің барын біліп «қымыз 40 түрлі дертке ем» деген аталарымыздың көрегендігі қазір дәйектеліп отыр. Өкпе сырқатына, қан аздық, жүрек-қан тамыр, ұйқысыздық, күйзеліс, жүйке жүйесі, онкология ауруларына пайдасы анықталып, қартаюды тежейтін, өмірді ұзартатын қасиеті тағы бар екені айтылуда. Жылқы етін жеп, сорпасына құрт қатып ішкен адам қандай суыққа да төзеді, - дейді шаруа М.Қойшыбаев.
Жылқы басын көбейткен сайын да алатын өнім де мол болады, бірақ сол өнімдерді сататын жердің тапшылығы қожалықтың бүгінгі таңдағы өзекті мәселесі. Күнделікті аз мөлшерде алып жүретін адамдардан басқа үлкен мекемелермен, сауда орындарымен тұрақты сатуға келісім шартқа отыра алмай жүргендігі қынжылтады. Мәселен, қымыз өкпе ауруын алдын алады десек, Тұщыбектегі Е.Оразақов атындағы санаторияға жергілікті өнім жеткізілмейді. Өтес елді мекеніне жақын орналасқан мекемелерге де ет-сүт өнімдерін жеткізіп отырса қожалық шаруашылығының бүгінгісінен де жақсы дамуына септігін тигізер ме еді?! Бір қуанарлығы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлының мұрындық болуымен дайын қымызды арнайы тауарлық қағазы жапсырылған бөтелкелермен саудаға шығаруға билік өкілдеріне өтініш жазып, жақын арада жауабы келеді деп күтілуде. Сондай-ақ Ақтау қаласындағы «Ынтымақ» сауда орталығының жанынан қымызды, сүт өнімдерін сататын дүкеннің жобасын бастап кеткен шаруагердің жақсы жаңалықтарын естіп біз де қуанып қалдық.
Айгүл РАХМЕТОВА