©
Мен 2015 жылы Жаңаөзен қаласындағы Қашаған Күржіманұлы атындағы №8 орта мектепті бітірдім. Мектеп бітірген соң Жаңаөзендегі қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түстім. Қазір 4-курста оқимын. Сонымен қатар жастар ресурстық орталығында курьер болып жұмыс жасаймын. Жұмыстан жалақы, оқудан шәкіртақы аламын. Бұл – менің ата-анамның мойнына масыл болмайын деген ойдан шыққан әрекетім. Биылғы жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп жариялағаны баршаға белгілі. Мұны – жастарға жүктелген үлкен жауапкершілік, әрі аса зор сенім деп білемін. Сол үшін біз, жастар еліміз үшін, өзіміздің келешегіміз үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Бұл – біздің ата-анамыздың, ұстаздарымыздың, қала берді Отанымыздың, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сенімін ақтау деп білемін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «9 маусым күнін ҚР Президентін кезектен тыс сайлау күні» деп мәлімдеме жасап, жариялауы біз жастарды жаңа жігерге құлшындыра түскендей болды. Оның ішінде, мен, әсіресе қуаныштымын. Себебі биылғы жастарға еншілеген жылда Қазақстан Республикасының азаматы ретінде тұңғыш рет сайлауға қатысып, дауыс бергелі отырмын. Өйткені «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституциялық заңының 4-бабының 1-пунктінде «Жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығы – Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа жеткен азаматтарының тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы» делінген. Демек мен биыл сайлауға қатысамын. Жасым 19-да. Қазақстанның азаматы ретінде тұңғыш рет дауыс беремін. Сол үшін Қасым-Жомарт Кемелұлының отандық телеарналар арқылы жасаған мәлімдемесін ынта қойып тыңдадым. Сондай-ақ оның әрбір жолын ғаламторға қарап қайталап оқып отырмын. Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде «Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!» – деді. Сондықтан біз, жастар сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласып, осыдан екі ай кейін болатын ел Президентінің кезектен тыс сайлауына ауызбіршілікпен қатысып, бір кісідей дауыс беруді жоспарлап отырмыз.Нұрқожа АХАНОВ, Жаңаөзендегі қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінің 4-курс студенті, қалалық жастар ресурстық орталығының курьері