Биыл Мұнайлыдағы ауылдар ауыз сумен толықтай қамтылады
[ 2019 ] 11 сәуір, 13:12 | Қоғам
Жуырда өңірлік коммуникация қызметі алаңында жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысын жариялау мақсатында Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаровтың қатысуымен брифинг өтті. Брифингтің күн тәртібіндегі басты мәселе Мұнайлы ауданын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту бағытындағы маңызды міндеттер жайында болды.
Жалпы аудан 74 пайыз ауыз сумен қамтылған. Баянды, Батыр, Дәулет, Атамекен ауылдары толықтай ауыз сумен қамтылып үлгерсе, осы жылдың соңына дейін бірлескен жобалар арқылы Қызылтөбе, Басқұдық, Айрақты (Маңғыстау-3), Бесшоқы (Маңғыстау-5) ауылдарын ауыз сумен қамту жоспарланған.
Қызылтөбе ауылдық округін ауыз сумен қамту үшін бюджеттен 300,5 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары 2018 жылдың сәуір айында басталды. Әзірге 32 шақырым су құбыры жүргізілген, құрылыс жұмыстарын 2019 жылы жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп отыр.
Басқұдық ауылдық округін ауыз сумен қамту жұмыстары 2017 жылдың маусым айында басталып, осы күні 95 пайызға аяқталған. Осы мақсатта 130 шақырымға жуық су құбыры тартылды. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін 2019 жылғы жергілікті бюджеттен 153,3 млн. теңге бөлініп отыр.
Айрақты (Маңғыстау-3) тұрғын үй массивіне сумен қамту 30 пайызға жетті. 2019 жылы ауылды толық ауыз сумен қамтып, құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін республикалық және жергілікті бюджетті қосқанда 301,1 млн. теңге бөлінген.
Бесшоқы (Маңғыстау-5) ауылдық округін ауыз сумен қамтуға биыл республикалық бюджеттен 369,3 млн. теңге қаржы бөлінген. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Альянс ЛТД» ЖШС мердігер ретінде танылды.
- Жыл соңына дейін Мұнайлы ауданына енетін ауылдардың барлығы дерлік ауыз сумен толықтай қамтылады. Ауыз сумен қамтылғанша тұрғындар суды қайдан алады деген заңды сауалдың туары сөзсіз. Қазір әр үйдің алдында ауыз су толтыруға арналған құдықтар бар. Аптасына бір рет міндетті түрде толтырып отырамыз. Осы арқылы тұрғындар су тапшылығын сезген жоқ, – дейді аудан әкімі Рахат Елтизаров.
Әлеуметтік қамсыздандыру
Биыл алғашқы тоқсанның қорытындысына жүгінсек аудан көлемінде 301 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылдық жоспар бойынша олардың саны төрт мың адамға жетуі тиіс. Жалпы жұмыссыздар саны – 1343 адам.
Аудан бойынша 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасылар саны 3951 адамды құрайды. Күні бүгінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған аналардың саны – 2171. 1 сәуірден бастап берілетін атаулы әлеуметтік көмекті 263 отбасы алады. Соның ішінде көп балалы аналар саны 175 отбасын құрайды. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен әлеуметтік аз қамтылған көп балалы аналарға бір жолғы көмек ретінде қарастырылған 100 мың теңге ақша сәуір мамыр айларында беріледі. Сондайақ өңір басшысының тағы бір нұсқауы – «Бизнес 3 күнде» жобасының аясында кәсіп бастауға ниетті 59 отбасының тізімі жасақталып, құрал-жабдықтарын алып беру үшін кәсіпкерлер тартылмақшы. Бұдан өзге, кәсіпкерлерді қолдау бағытында 20 млн. теңге көлеміндегі қаржыдан «Атамекен» ҰКП арқылы 5 адамға жеңілдетілген несие берілді.
Жол мәселесі
Аудан бойынша жалпы 636 шақырым жол бар, оның 107 шақырымы асфальтталған. Алдағы кезеңде 45 шақырымды қамтитын 3 жоба даярлануда. 2016–2018 жылдар аралығында құны 1 543 млн. теңгені құрайтын, 13,2 шақырым автокөлік жолының құрылысы бойынша мемлекеттік сараптамадан алынған 5 жоба іске асқалы тұр.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша 574 млн. теңгені құрайтын 6 автокөлік жолдарының орташа жөндеу жұмыстарын атқаруға және республикалық бюджет есебінен құны 293 млн. теңге болатын 4 аудандық маңызды жолдар қайта қалпына келтіріледі.
- Жолдардан бөлек жол жиегіндегі жарықтандыру және әрлеуге арналған көше шамдары да назардан тыс қалмайды. Аудан орталығының өзі 98 пайызға жарықтандырылған. Дегенмен ауылдық округтерде бұл мәселе әлі де толық шешілген жоқ. Мыңнан астам көше шамдарына тапсырыс бердік, олар ауыл-аймақты әрлеу үшін жөнелтіледі, – деп баяндады Рахат Тезекбайұлы.
Балабақша және саласы
Аудандағы 3–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткіші – 97,2 пайыз. Қазіргі таңда ауданда 14 мемлекеттік, 47 жеке меншік балабақша бар. Осы жылдың аяғына дейін балабақшамен қамту 100 пайызға жетеді деп күтілуде. Ол үшін 1084 орынға арналған 11 жеке меншік балабақшаның жоспары дайындалған.
Білім саласы – ауданның ең баса назар аударып отырған саласы. Биыл аталған салаға 8652,4 млн.теңге қаржы бөлінген, бұл ауданның жалпы бюджетінің 48,5 пайызын құрайды. Әзірге ауданда 15 мектеп, 1 лицей бар. Онда 30 845 оқушы білім алуда. Сонымен қатар өткен жылы Басқұдық және Қызылтөбе ауылдарында әрқайсысы 600 орындық 2 мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Жыл сайын оқушылар саны 2500-ге артып отыр. Биыл облыстық бюджеттен Батыр ауылдық округінен 960 орындық мектептің және Атамекен мен Басқұдық ауылдық округіндегі мектеп құрылысына қосымша 320 орындық мектеп құрылыстарын бастауға 2 335 млн.теңге бөлінген.
– 2018 жылы мектеп бітірген 400-ге жуық түлектің 225-і мемлекеттік білім грантын жеңіп алды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Жас мамандарды білім ордаларына көптеп тарту – басты мақсатымыз. Жаңа заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеуге жас мұғалімдер көп үлес қосады деп ойлаймын, – дейді аудан әкімі.
Жер мәселесі
Бүгінге дейін жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдардың болмауына байланысты ауыл әкімшіліктеріне жер сұрап барған 30 634 адам жер кезегінде тұр. Шешімге сәйкес биыл 2907 жер телімін беру қарастырылған (Баянды ауылынан – 1050, Маңғыстау ауылынан – 150, Батыр ауылдық округінен – 656, Дәулет ауылдық округінен – 300, Қызылтөбе ауылдық округінен 751).
Ауданның басым бөлігі бұрынғы саяжай аумағында орналасқандықтан, жаңбыр жауғанның салдарынан су жиналып, жаяу жүргіншілер мен көліктің жүруіне қиындық туғызады. Су көп жиналған Атамекен, Басқұдық, Қызылтөбе ауылдық округтері мен Маңғыстау ауылдарында жиналған суды сорғылау жұмыстары жүргізілген.
– Жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған істер аз емес. Бірақ бұл игіліктің бастамасы ғана. Барлық ауылдық округтерді толықтай ауыз сумен қамту, ауылішілік жолдар салып, қатынауды жеңілдету, Басқұдық ауылына 200 орындық мәдениет үйін салу, Бесшоқы ауылында 160 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу – біздің алдағы уақытта атқарар басты істеріміз, – деп аудан әкімі Рахат Елтизаров сөзін қорытындылады.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
1008
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.