Шоқыр Бөлтекұлы – өткен ғасырдың ортасынан бастап Алаш жұртының құрметіне бөленген көрнекті спорт маманы, қазақ спортшыларынан шыққан Совет Одағының бірінші спорт шебері, кейінгі жарты ғасырда атағы дүркірей жайылған қазақ боксының негізін қалаушы біртуар тұлға. Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы 29 қазан күні Маңғыстау облысы, Жармыш ауылының маңында Сарқауақ деген жерде дүниеге келді. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, аласапыран тұста Форт-Шевченко қаласындағы жетiмдер үйiнде оқып, орта мектептi бiтiрдi. Шоқыр Бөлтекұлы әке-шешесінен ерте айырылған бір қиын-қыстау шақтарда туған қарындасынан да көз жазып қалады. Ашаршылық нәубеті қарсаңында Форт-Шевченкодағы балалар үйіне тапсырылып, сонда өсіп ер жетеді. Атақты боксшының жары Нұрсұлу Тапалова – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы балерина. 1936 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрында соло-биші болған Нұрсұлу Тапалова 1947 жылы Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі атағын 24 жасында алған. Шоқыр Бөлтекұлы зайыбы Нұрсұлу екеуі өмір бойы құрқылтайдың ұясындай бір бөлмеде ғұмыр кешті. Қазақ боксын алғашқы кірпішінен бастап өз қолымен қалаған айбынды азамат «үйім тар» деп, ешкімнің алдына барған емес дейді көзін көргендер. Сол уақытта құрылған «ТЕМП» спорт қоғамының қабырғасында өзі де бокс қолғабын киіп үйрене бастайды әрі өзгелерге де үйретеді. 1936 ж. бүкіл қазақстандық спартакиада болады, бағдарламаға бокс та енгізіледі, бірақ Шоқырға қарсылас табылмайды. Осы кезден бастап ел басшылары бокс спортын дамыту керек деп шешім қабылдап, Шоқырды Мәскеу мен Ленинградқа тәжірибе алмасуға жібереді. 1937 жылы Шоқыр Бөлтекұлының басшы- лығымен бокстан Алматы қаласының ресми бiрiншiлiгi өттi. Оған 50 спортшы қатысқан. Алғаш рет 1937 жылы Алматы қаласында бокстан ел біріншілігін ұйымдастырып, қазақ боксының тарихын бастап береді. Бокс спортының тарихында бұл қоғам кейін кең өріс алып, «Динамо», «Спартак» т.б. аталып үлкен кеңістіктерге шығады. Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшы ізбасар шәкірт тәрбиелеп, боксқа баулу үшін алақандай алаң іздеп, Опера және балет театрының бір бөлмесін сұрап алады. Шоқыр сурет салуға бейім болған соң, Бакудегі, Киевтегі сурет институтына түседі. Институтта оқып жүріп, бокс үйірмесіне қатысады. Бапкері Иван Константинович Иванов болған екен. Бөлтекұлының екінші бір қыры – 1940 жылдардың ортасынан бастап «Социалистік Қазақстан» секілді іргелі басылымдарға спорт теориясы мен практикалық нәтижелері, жаттықтырушы әдістері мен баулыған шәкірттерінің шеберліктері хақында түрлі жанрда материалдар жазып отырған. Зерттеушілердің айтуынша, оның бокс тарихынан жазған кітабы жоғалған. 1941–1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, одан жараланып оралған соң, Алматы қаласында жаттықтырушылық қызметін жалғастырады. Ол еңбек еткен «Спартак» қоғамы ССРО чемпионатында топ жарып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi деген дәрежеге жеттi. Қазақстанның 3 дүркін чемпионы болған оның өзі рингке 223 рет шығып, соның 199-ын нокаутпен аяқтаған екен. Ол – «СССР спорт шебері» атағын иеленген тұңғыш қазақ. 1947 жылы Киевтегі Көркем сурет академиясын және Дене тәрбиесі институтын бітіреді. 50-жылдары Қазақ ССР-інің 3 рет чемпионы атанады. Қытай еліне жасырын барған саяхаты үшін құқық қорғау орындарының бақылауында болған. Мемлекеттік тергеу орындарының қызметкерлері бірнеше рет жауапқа шақырып, біраз тергеген деген деректер бар. Заманында Б.Момышұлы, Б.Майлин, Ш.Айманов, К.Кенжетаев және басқа да ұлт қаймақтарымен араласып тұрған. Шоқыр соғыстың кезінде фамилиясына «ұлы» деп жаздыртқан. Тегін ұлы деп жаз- дыртқаны үшін талай жеңілдіктерден айырылып, сан мәрте соққы жеген. Кабанов деген тергеушімен сөзге келіп қалғанда «Себебі мен қабанның емес, Бөлтектің ұлымын» деп жауап бергені – аңыз сияқты тарап кеткені болмаса, бұл өмірде болған оқиға. Шоқырдың талантты жан болғанын дәлелдейтін ерекшеліктердің бірі – суретшілігі. Бакудегі сурет училищесін тәмамдай алмаса да, қабілетінің арқасында салған суреттерімен де айналасын тамсандырған. Атақты жазушы Бейімбет Майлин басқа емес, осы Шоқыр атамызға қолқалап, татар жазушы Ғабдолла Тоқайдың суретін арнайы салдыртқан. Сондай-ақ қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының фойесі, бұрынғы М.Горький атындағы демалыс паркінің аллеясы атақты боксшының суреттерімен безендірілген. Қазіргі таңда Шоқыр Бөлтекұлының есімін құрметтеу мақсатындағы бірқатар шаралар іске асырылуда. Туған топырағы Маңғыстау облысында Ш.Бөлтекұлының атындағы халықаралық турнир дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданының орталығында Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт кешені салынып, спортшылардың игілігіне берілді. Сонымен бірге Ақтау қаласында Шоқыр Бөлтекұлының атымен аталатын боксшылар клубы құрылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Шоқыр Бөлтекұлы Қазақстанның бірнеше чемпионатында үздік шығумен қатар, Совет Одағының спорт қоғамдары арасындағы біріншіліктерінде жүлдегер атанды. 1947 жылы Совет Одағы чемпионатына қазақ құрамасын Бөлтекұлы бастап барды. Осы бәсекеде Махмұт Омаров Қазақстан боксшыларынан бірінші болып Одақ чемпионатының жүлдесін жеңіп алды. Бұдан кейін Асқар Үсенов совет чемпионатында төртінші орынға табан тіресе, Геннадий Рожков күміс медальға ие болды. Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылдың 6 сәуірінде Алматы қаласында қайтыс болды. Шоқыр Бөлтекұлы жайлы айта жүру – біз бен сіздің бір парызымыз. Абзал асылдарымызды ұмытпай, қадір тұтайық, ағайын!
Жайна ШАХТЫБАЕВА, Ш.Есенов атындағы КМТИУ оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі